Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көмірден тапшылық көрмейміз, бірақ…

08.10.2020, 12:00 454

Шырылдауық шегірткенің кебін киіп, қытымыр­ аязда «тоңдым» күнін кешпес үшін қыстың қамын жаз ойлау – халқымыздың табиғат­ында бар құбылыс. Суықтың ызғары сезілге­ннен-ақ көмірдің сұранысы артып, тиісінш­е өңірімізде «қара маржан» таусылып қалады, не болмаса, бағасы күрт өсіп кетеді. Осыған орай қыстың боранды күндерінде көмір тапшылығын болдырмау үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы, мамандардың айтуынша, биыл облысымызға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет екен. Бүгінде өңірі­мізге 85 мың  тонна  қатты  отын жеткізілген. Бұл жоғарыда  көрсетілген қажетті мөлшердің 51%-ын ғана құрайды. Қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында екен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңа­баев осылай сендірді. Облысымызда көмір отынын сақтайтын 30 қойма бар. Оның бесеуі Қызылорда қаласында болса, қалғандары аудандарда орналасқан. Қазіргі таңда көмірдің қалған бөлігін тасымалдау жұмысы бастал­ғанын, қазан айының ортасына дейін 70%-ын әкелу жоспарда бар екенін айтып отыр. Ал, қалған­ бөлігі қашан жеткізілетіні жайлы бас­қарма өкілі дөп басып айта алмады. Бірде халыққ­а сілтеп, бірде кәсіпкерлердің жұмысы деген шенеуніктен журналистер тұшымды жауап­  ала  алмады.

Ерлан Мақсотұлы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар­масы  басшысының  орынбасары:

– Коронавирустық пандемияны ескере отырып, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында тұрғындарға көмірді жылу маусымына дейін сатып алу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда қазіргі күні өңірге жет­кізіл­ген көмір көлемі 12 мың тоннаға артық. Ал, өңірімізге көмірдің қалған бөлігін 1 қа­занға дейін 60 пайыз, 15 қазан­ға дейін 70 пайызын алып келуді жоспарлағанбыз. Қазір сол бағытта жұмыс істеп  жатырмыз.

Күні қысқа, түні ұзақ қаһарлы қыс келмей-ақ, басқарманың көмір тасымалдаудағы жос­пары толықтай орындалмай жатқанын байқадық. Оған жоғарыда өздері келтірген статис­тика дәлел. 1 қазанға дейін өңірімізде көмір қоры жоспардағы қажетті көрсеткіштің 60%-ын құрай алмаған. Оның себебін басқарма өкілінің өзі де түсіндіре алмады. Дегенмен, бұл сұрақтың жауабын жергілікті кәсіпкерлер айтып берді. Олардың  айтуынша, көмір  жеткізетін теміржол  торабы  жөндеу  жұмыстарынан  өткен екен. Соның кесірінен көмір қоймаға сәл кешіре­к жетіпті. Ал, ол уақытта қала қоймаларында жеткілікті көмір мөлшері болғанымен, тым майда­ болғанының салдарынан тұрғындар көңі­лінен шықпаған. Қатты отынның сапалысын күткен қара халық күздің ызғарлы түнде­рінде  суық үйде отыруға мәжбүр болған. Жұмсақ кресло мен жылы кабинетінен босай алмаған шенеунік  бұл  жайдан  бейхабар  екенін айтады.

Қара отынның бағасы да соңғы жылдары үлкен мәселеге айналған. Кейде құны қымбат, сапасы «қаңбақ» болып, жұртты әбігерге түсі­ретіні де жасырын емес. Бүгінде көмірдің тонна­сы қала ішінде 13 900 теңгені құрайды. Ал, қал­ған өңірлерде 15-16 мың теңге аралығында болмақ­. Жалпы, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған. Сол себеп­ті  қыс бойына көмір бағасы тұрақты болады­  деп күтілуде. Тек алыпсатарлар биліктен қулығын асырып, бағаны аспанға шарық­татып жібермесе  болғаны. Басқарма басшылығы олар­ға­ қарсы шара қолданбайтынын айтады. Қойыл­ған сұраққа «бұл біздің мекеменің жұмысы­ емес, онымен айналыспаймыз» деп қысқа қайырды. Ал, көмірді жеткізу пұлы қаланың шеткі аудандарына 7-8 мың теңгені құраса, алыс-жақын ауылдарға 15 мың теңгеге дейін барады­ екен. Көмір сапасына осы жылы мүлдем қам жемес­еңіз болады. Себебі, қара отынның са­пасы халықтың да, кәсіпкерлердің де көңі­лінен шығып, ешқандай арыз-шағым түспеген екен.

Осылайша брифинг барысында басқарма өкілдері көмірден маусым бойына тапшылық болмайды деп сендірді. Онсыз да «қағанағымыз қарық» болып жүргені шамалы. Бәлкім, бұл қыста көмірге «қарық» болып қалармыз. Кім білген?

Бекзат  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: