Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылмыс деңгейі төмендемей тұр

07.10.2020, 10:55 658

HALYQLINE.KZ

Құқықбұзушылықтың азаюына карантин режимі де тосқауыл бола алмады. Әсіресе мал ұрлығы, қоғамдық тәртіп бұзушылық, жол-көлік оқиғасы, есірткі егу және т.б. белең алды. Той-жиынға да тосқауыл болмай тұр. Тазалық мәселесіне атүсті қарайтындар көбейді. Жаңақорған ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында осы мәселелер талқыланды.

Алдымен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев 2019 жылы аудан көлеміндегі құқықбұзушылық пен қылмыстылықтың мән-жайын баяндады.

– 2019 жылы аудан көлемінде 306 құқықбұзушылық тіркелсе, 247-і қылмыс, 32-і теріс қылыққа жатады. Қылмыстың тіркелуі 2018 жылмен салыстырғанда 7 процентке төмендеді. Атыс қаруымен жасалған қылмыстар 0-3-ке артып, отбасы-тұрмыстық ортада жасалған қылмыс түрі мен мал ұрлығы және жол-көлік оқиғасы көбеймесе кеміген жоқ, – деді Ғани Асанұлы.

Оның сөзінше, 2019 жылы жол-көлік оқиғасы 41-ге жетті. Соның салдарынан 21 адам қаза болды. Жол ережесінің көбеюіне көшедегі камераның бақылау объектісі түнде түсіруге қабілетсіз және есте сақтау жадысы тым төмен болуы әсер етуде.

2019 жылы 60 азамат көлік басқару куәлігінен айырылған. Бірақ құжаты болмаса да, масаң күйде темір тұлпар тізгіндегендер саны артты. Айта кететіні, биылдан бастап масаң күйде немесе көлік басқару құралы жоқ жүргізушіге заң қатаңдатылды. Яғни көлік басқару құжатынан айыру 3 жылдан 7 жылға ұзартылып, жүргізуші 15 тәулікке қамаққа алынады.

2015 жылы қойылған камералар стандартқа сай емес, кейбірі істен шыққаны рас. 2021 жылы аудан әкімі стандартқа сай камераларды бюджеттік өтінімге енгізіп, қаржысын шешіп бермек. Бірақ облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен бірлесе сертификатталған камераларды алуға мән беру керек.

Сондай-ақ мал ұрлығы шаруалардың түн ұйқысын төрт бөлуде. Жаңақорған шекаралас аудан болғандықтан ұдайы қадағалауды қажет етеді. Бәрінен бұрын, ауылдарда падамен мал бағуды жолға қою керек. Қазір 11 округте ғана пада бар. Түгіскен, Сунақ ата, Екпінді, Қожамберді сынды ауылдарда мал ұрлығы өршіп тұр. Аудан әкімі Руслан Рүстемов осы мәселеге байланысты полиция инспекторымен бірге ауыл әкімдеріне көліктен түсіп, бір сәт атқа мініп, өз аумағындағы ел-жерді көзімен көріп, жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

Келесі кезекте жол-көлік оқиғаларына мән берілген жөн. Қазір ауданда көлік көп, бір-бірімен жарысып, тиісті заңдылықтар сақталмайды. Бағдаршам талабы ескерілмейді. Осыған байланысты полиция бастығы алкогольді мас күйде көлік басқарған жүргізушіні қамайтын айықтырғыш камерасын ашуды ұсынды.

Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – тазалық. Қазір әкім түнгі мезгілде көше аралап жүр. Сондай түнгі сапардың бірінде кент тұрғындарының қоқысын көшеге бейберекет тастағанына куә болыпты.

– Тазалық мекемесімен өзара келісімшарт жасалмайды. Сөйте тұра, тұрғындар арасында көшеге қоқыс лақтыра салуға әдеттеніп алғандар бар. Жалпы, сана тазармай дала тазармайды. Бұл – қағида. Осыны ұстану керек, – деген аудан басшысы кент әкімі Есдаулет Сейіловке тазалық мәселесіне бейжай қарамауды тапсырды.

Жиында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледж директорының орынбасары Алмат Манпаевтың баяндамасы тыңдалып, білім ордасында атқарылған жұмыстар сараланды. Жомарт Шауенов басқаратын колледж заманауи технологиямен жабдықталып, дуалды оқытуға басымдық берілді. Дегенмен жастардың қатысуымен жаппай төбелес, ұрлық азаймай тұр. Әкім осы турасында ескерту жасады.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық жөніндегі баяндаманы аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов жасады. Білім беру қашықтан оқыту бойынша жүргізілгенімен, оқушылармен атқарылған жұмыстар аз еместігін естідік. Баяндамашыдан білгеніміздей, 2020 жылдың 8 айында жасөспірімдер қылмысы тіркелмеді. Дегенмен кәмелетке толмаған қыздардың хал-жағдайы толғандырып тұрғаны айтылды. Шалқия кенті мен Келінтөбе ауылында жасөспірімінің жүктілік оқиғасы елді елең еткізді. Қазір олар ауданнан басқа қалаға қоныс аударған. Бұған ата-ана жауапты, дегенмен аудан басшысы ауыл әкімдеріне тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болуды тапсырды.

Кеңес барысында аудан прокуроры Дарын Әбіш бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Алимент өндіру қиындады, ажырасу фактісі көбейді. Қазір үгіт-насихат жұмысын күшейту маңызды. Әсіресе әлеуметтік билбордтарда адамдардың ар-ожданын оятатын мәтіндерді көптеп қою керек. Көше камерасын тездетіп ретке келтіріп, бағдаршамдарды стандартқа сәйкестендіру керек, деді прокурор.

Соңғы баяндамашы полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев есірткі қылмысы жайында сөз етті. Түсінгеніміз, Жаңақорғанда есірткі бизнесімен айналысатындар саны артқан, тіпті, оны есік алдына егушілер азаймай тұр. Былтыр 14 дерек тіркелсе, биыл жыл басынан бері есірткі қылмысы бойынша 7 азамат құрықталып, Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция бастығы Қызылқұмда есірткі егетіндер артқанын, оларды құрықтауда техниканың жетіспейтінін айтып, аудандағы өндіріс орындарының ауыр техникасын жылына бір рет пайдалануға рұқсат беретін келісімшарт жасауға ықпал етуін сұрады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі алдағы міндеттерді айқындады.

Біріншіден, 2021 жылдың бюджеті бойынша заманға сай келетін камералар алуды тапсырды.

Екіншіден, мал ұрлығымен күресті күшейтуіміз керек.

Үшіншіден, отбасылық, топтық той-жиын өткізуде шектеу мәселесіне атқарушы органдар бақылауды жолға қоюы тиіс.

Төртіншіден, жол-көлік оқиғасының алдын алу шаралары атқарылуы тиіс.

Бесінші, тазалық мәселесі назардан тыс қалмау керек.

Жиында түйген ой, тәртіпсіздік пен құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ұстанбай, қылмыстылық деңгейі азаймайды. Мұны Сингапур, Жапония сынды озық елдердің тәжірибесінен көруге болады.

Әлібек  ЖАРЫҚБАЕВ.

Жаңақорған  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: