Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай тоғызқұмалақты бас алмай ойнаған

05.10.2020, 17:20 1513

HALYQLINE.KZ  Семейдің тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Шынар Мұратқызы «Абай өнердің сан-саласын өрге тартқан» еңбегінде ұлы ақының бос уақытында ат баптап, құс асырап, саят құрғанын ерекше атап өтіпті. Әсіресе, ұлттық ойын – тоғызқұмалақты хәкім Абай аса құмарта шебер ойнағанын тарихи деректермен келтірген.

«Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ ақын үшін шығармашылық шабыттан сәл тыныс алудың, көңіл бөлудің бір түрі сияқты болды», – дейді Шынар Садықова.

Ол тоғызқұмалақ ойнауға тек шебер ойыншыларды ғана таңдаған. Сол шеберлер ойынын жалпы жұрт қызықтайтын жүйелі жарысқа айналдыра білген.

«Аздап қолы босағандай болған соң, Абайдың алданышы – қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ, дойбы ойнау. Бұрыннан ойыншы деп атақ алып жүрген Көтібақтан Көрпебай, Мамайдан Смағұл дегендерді шақырып алып, ойын әдісін үйретеді. Өзі ғана ойнап қоймай, інісі Ысқақты, ағайынды Ырсалды, Махметжанды, көршісі Текжан, тағы бірнеше жасты қатыстыртып күні-түні бас алмай ойнайды. Бұл ойын – бұрынғы елдің ұсақ-өсегі, өтірігінен басқаша бір думан, сауық. Бәсеке жарыс, өнер табарлық мектебі сияқты болып біреуден-біреуге тарайды. Жастардың ынтасын аударады», – дейді бұл турасында ақынның немере інісі Әрхам Ысқақов («Абайдың өмір жолы» // Абай туралы естеліктер. 119-120-б.).

Ойын барысында әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр қақтығыстарына да ерік беріп, жиналған жұрт ел мен жер тарихына, ата шежіресіне байланысты біраз дерек алып қалатын болған. Ойынға қатысқандар үшін ресми болмаса да бәйге белгіленген.

Абайдың үзеңгілес жолдасы һәм шәкірті болған Көкбай Жанатайұлы оның ән-күй, сауық кештерімен қатар тоғызқұмалақ, дойбы ойындарын да демалыстың, көңіл көтерудің бір түрі санағанын айта келіп: «Тобықтыда 5-6 ойыншы шықты. Солар Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді. Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып, көп күндер бас алмай ойнап жатады…» – деп жазған.

Ән падишасы Шәмші Қалдыаяқов та ақыл-ой тәрбиесі шахмат өнерін өте шебер меңгерген жан еді. Ол ойнаған шахмат тақтасы дәл бүгінгі күнге дейін құнды естелік күйінде сақтаулы тұр. Ол жастарға осы өнерді жан жақты үйренуді өсиет етіп кеткен-ді. Абай еліне барып, Абай ойнаған тоғызқұмалақ пен дойбы тасы мен тақтасын өз қолыммен ұстап, оның тарихын білуге ерекше құмартқан едім. Сол арманыма жеткендей болдым. Абайдың өзі тұрған үйінде зияткерлік дүниесі сол қаз-қалпында көздің қарашығындай сақтаулы тұр.

Балтабек ТҮЙЕТАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: