Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһар басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтады

25.09.2020, 9:15 978

Құрметті қызылордалықтар!

Қадірменді қала қонақтары!

Қазақ жұртының алғашқы астанасы болған, қасиетті өлке, келбеті көркем, келешегі кемел сүйікті қаламыз Қызылорданың туған күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Тұран төрінен орын алған Сырдың бас шаһары қос ғасыр көшінде талай тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекені, Алаш қайраткерлерінің табанының табы, ұлт зиялыларының ізі қалған қасиеттің ордасы. Қойнауы тағылымды тарихқа толы Ақмешіт «Алашқа ана, қазаққа пана» болған киелі мекен. Тарихын тарқатсақ тамыры тереңге кететін Қызылорданың бүгінде әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, мәдени, рухани байлығы кемелденіп, келбеті көркеюде. 203 жылға аяқ басқан Сыр елінің әкімшілік әрі рухани орталығы – игі бастамалар мен тың жаңалықтардың қаласы. Сұлу Сырдың жағасында бой түзеген Қызылорда қаласы биылғы төл мерекесін де жаңа жетістіктермен, жарқын жобалармен қарсы алды.

Қарқынды құрылыс алаңына айналған Қызылорда жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, тұрғын үймен қамту еселеп артып, тұрғындардың сапалы да жайлы тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалуда. Халқымыздың айнымас бірлігінің, тату тірлігінің арқасында Сырдың бас шаһары жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда. Біз баршамыз аймағымыздың тарихымен, дәстүрімен, сүйікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.

Бүгінгі мереке – өткеннен өнеге алу, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді, қаламыздың жарқын жетістіктерін дәріптеу.

Қадірлі жерлестер!

Осынау мерейлі мерекеде баршаңызға мерекелік көңіл-күй, әр отбасыға амандық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

Барлық игі бастамаларыңыз табысқа, жаңа биіктер мен шығармашылық жетістіктерге жол ашсын.

Қызылорда қаласының 202 жылдық мерекесі ырысты молайтып, құт-береке сыйлай бергей!

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қаласының әкімі

Н.Нәлібаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: