Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эйфель мұнарасын сатқан кім?

20.09.2020, 17:00 913

HALYQLINE.KZ Біз Эйфель мұнарасын сатуға болмайды деп ойлаймыз. Бірақ, Виктор Люстиг есімді алаяқ осы істің үдесінен шығып, әйгілі мұнараны сыртынан сатып жіберген.

Бұл оқиға әлемдегі ең атышулы алаяқтық ретінде тарихта қалды. 

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары газеттердің бірінде Эйфель мұнарасын ұстау Франция Үкіметіне қымбатқа түсіп жатқаны туралы мақала жарияланады. Осы мақаланы оқыған Люстиг тез арада Парижге аттанады. Бара салысымен Келісім алаңыңдағы қымбат қонақүйге жайғасады. 

Сөйтіп, өзін жоғары шенді мемлекеттік қызметкер ретінде таныстыра отырып, металл саудасымен айналысатын ірі кәсіпкерлерге шақырту жібереді. 

Жиналған кәсіпкерлерге Франция Үкіметі Эйфель мұнарасын бұзғалы жатқанын және содан шығатын 7300 тонна металды сататынын айтады. Және бұл ақпараттың мемлекеттік құпия екенін ескертеді. 

«Мемлекеттік құпия» деген сөз арқылы өзін сақтандырып алған «жалған шенеунік»: «Үкіметтің тапсырмасымен жабық тендер өткізіп жатырмын. Сіздерді сол үшін жинадым. Әрқайсыңыз сатып алу үшін беретін соманы жазып алдарыңыздағы конфертке қалдырыңыздар. Ең тиімді ұсыныс жасаған адамға өзім хабарласамын», – дейді. 

Виктор Люстиг олардың ішінен ең дүниеқоңызын біліп алғысы келген еді. Өйткені, ашкөз адам пайда үшін бәріне барады және сақтықты да ұмытып кетеді. 

Екі күннен кейін Андре Пуассон есімді кәсіпкерді шақыртып, тендерді жеңіп тұрғанын, бірақ, келісімшартты түпкілікті бітіру үшін бірнеше шенеунікті көндіру керек екенін әрі өзінің де еңбегі барын жеткізеді. Кәсіпкер Люстигтің нені меңзегенін түсініп, қомақты пара береді. 

Люстиг бұған да қанағаттанбайды. Ол Пуассонды металға төлейтін ақшаның бірінші траншын аударуға көндіреді. Жалпы алғанда, Виктор Люстиг ашкөз кәсіпкерден 70 мың франк көлемінде қаражат алған. Бұл – қазіргі бағам бойынша миллион доллар шамасындағы ақша. 

Ақшаны алған алаяқ Австрияға тайып тұрады. Ал, алданған кәсіпкер, тіптен, полицияға да шағымдана алмайды. Себебі, ол Үкімет адамдарына пара бердім деп қорқады.

Люстиг одан кейін де Еуропада, АҚШ-та көптеген байларды алдап соғып, қомақты ақша алады. Бір қызығы, оның құрбандарының ешқайсысы полицияға шағымданбайтын. Өйткені, алданған адамдардың өздері қылмыстық іске келісім берген еді. 

Ол 1935 жылы жалған ақша жасау үстінде ұсталып, қамауға алынады. Сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырады. Эйфель мұнарасын сатып тарихта қалған алаяқ 1947 жылы әйгілі Алькатрас түрмесінде қайтыс болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: