Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүргізуші куәлігі, диплом және техникалық құжат «eGov» қосымшасына енсе…

07.02.2020, 17:56 1207

Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай ұсыныс айтылды.

«ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мемлекеттік орган өкілдеріне азаматтардың мобильдік қосымшаға енгізілген құжаттарының тізімін кеңейтуді ұсынды.

 – Бүгінде азаматтар «eGov» мобильдік қосымшасынан өзінің жеке куәлігін көре алады. Егер өзімен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы болмаған жағдайда мобильдік қосымшадағы құжатты пайдалана алар еді. Дәл осындай принциппен диплом, жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат және басқа да құжаттарды орналастыруға болады, – деді Ә.Тұрысов.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев бұл идеяны жүзеге асыруда мемлекеттік органдарға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

 – Біз өз тарапымыздан мемлекеттік органдарға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Азаматтың барлық құжаттарының бір қосымшада орналасуы өте ыңғайлы болар еді. Осыған орай, мемлекеттік ұйымдардың цифрлық құжаттарды түпнұсқамен тең дәрежеде қабылдау мәселесін шешу қажет, – деді министр.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева өз кезегінде ХҚКО-да азаматтар жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынбай-ақ, оны «eGov» қосымшасы арқылы көрсете алатынын айтты.

Комиссия жеке куәлікті онлайн ауыстыру қызметіне баса назар аударды. Қызметті онлайн көрсетуден бас тарту көрсеткішінің 80%-ы пайдаланушылардың сапасыз фото ұсынуына байланысты. Осы орайда, Асқар Жұмағалиев қызмет көрсетушіге бұл мәселені шешу жолдарын «ҰАТ» АҚ-мен бірлесе пысықтауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: