Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек?

19.09.2020, 15:00 518

КІТАП ОҚУДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ МІНДЕТ БОЛУЫ ТИІС!


Редакция: Сенат отырысында (17 қыркүйекте) депутат Нұртөре Жүсіп ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, елімізде кітап оқуды мемлекеттік деңгейде қолдаудың маңыздылығы туралы айтқан. Біз сенатордың аталған депутаттық сауалын қаз-қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Депутаттық сауал:

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана жасаған Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу», – деп атап көрсетті.

«ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деген қағиданы бәріміз қолдаймыз.

Бірақ қазір жұрт кітап оқудан қалып барады. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады?

Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек?

Кезінде Сократ, Платон, Сенека, Дидро сияқты данышпандар адамның рухани кемелденуіне кітап оқудың қандай пайдасы бар екенін айтып кеткен.

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кітап оқу үрдісі дағдарысқа тап болды. Соның салдарынан «вторичная неграмотность» деген ұғым пайда болып отыр.

Халықаралық PISA және PIAAC зерттеулерінің қорытындысы Қазақстандағы мектеп оқушылары мен ересектердің білім сапасы сын көтермейтінін айғақтайды.

Оқымаған адам – ойсыз. Мәдениетсіз адам – мыйсыз.

Ойсыздар мен мыйсыздарды көбейткеннен еш мемлекет опа таппайды!

Ұлттың интеллектуалдық потенциалын арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды.

Интернет, телевидение, радио секілді ақпараттық құралдар арқылы алған ақпарат толыққанды білім негізін құрай алмайды.

Сол себептен әлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік және қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта Ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық және балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр.

Көрші Ресейде, 2014 жылы «Мемлекеттің мәдени саясатының негіздері» атты В.Путиннің Жарлығы шыққан. Осы жарлыққа сәйкес  «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу бағдарламасының тұжырымдамасы» қабылданған. Онда құжаттық және ресурстық база, істің идеологиясы мен негізгі басымдықтар мен міндеттер толық айқындалған. Ресей Федерациясының әр субьектісінде осындай мазмұндағы арнайы бағдарламалар қабылданғанын айтқымыз келеді.

Қазақстан Президенті еліміздің интеллектуалды потенциалын дамыту, адамдық ресурстардың сапасын, яғни халықаралық деңгейде бәсекеге төтеп бере алатын жастарды қалыптастыру міндетін алға қойып отыр. Осы мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – жастардың ғылыми және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Жастар  дүниежүзілік және отандық көркем шығармалардан хабардар болуы керек.

Осыған орай Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған  Ұлттық бағдарлама қабылдау керек.

Онда:

  • Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды сапалық тұрғыда жақсарту;
  • Кітап саудасының прогрессивті формаларын енгізу;
  • Кітап оқуға ынталандыру үшін грант-конкурстық жүйе енгізу;
  • Білім беру құрылымдарының әлеуметтік әріптестігін дамыту;
  • Азаматтардың ғылыми, әлеуметтік, техникалық, көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Кітапханалар қорын қағаз және электронды басылымдармен толықтыру;
  • Аудиовизуальды және мултимедиалық материалдарды көбейту;
  • Түрлі әдеби конкурстар мен байқаулар өткізу;
  • Кітап басу және кітап саудасы мамандарын даярлау;
  • Ұлттың интеллектуальдық және адами әлеуетін арттыру шаралары қарастырылуы қажет.

Кітап оқу мен оны дамытудың Ұлттық бағдарламасында отбасы тәрбиесінде отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту ісіне баса көңіл бөлген дұрыс.

Кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет болуы тиіс. Бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте мүдделі болмайынша алға өрлей алмаймыз.

Ұлттың жаңа болмысын білімді, көзі ашық, парасатты, іскер, қайратты қазақ жастары қалыптастырады. Осыны есте ұстау керек!

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,

Н.ЖҮСІП,

М.БАҚТИЯРҰЛЫ,

А.ҚАПБАРОВА,

А.НУХҰЛЫ.

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: