Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полиция инспекторларына нақты міндеттер жүктелді

17.09.2020, 15:10 809

HALYQLINE.KZ 1 қыркүйек күні Жаңа оқу жылының басталуымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің даму жолын айқындайтын кезекті Жолдауы жарияланды.

Бүкіл әлем үшін жауапты кезеңде мемлекеттік дамудың барлық саласын қамти отырып, стратегиялық бағыттарымызды айқындай түскен Президент Жолдауы жаңа міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке, оның ішінде құқық қорғау органдары саласына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Он бір тармақтан тұратын Жолдаудың басты міндеті – мемлекеттік биліктің халық алдындағы жауапкершілігін және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» атты бөлімінде Заң үстемдігі жөнінде көптеген келелі ойлар айтты. «Жағдай жедел өзгеруде. Күштік құрылымдар жұмыстың озық әдістеріне көбірек ден қойған сайын олардың халықаралық тәжірибелерге бейімделу мүмкіндігі арта түседі. Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда. Бірақ құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейді» деген Президент көрсеткіш қуалап азаматтардың сенімі мен бостандығына селкеу түсіруге болмайтынын атап өтті.

Осы ретте біздің алдымызға «Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс» деп нақты міндет қойды.

Әділетті қоғам қағидасы, заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру секілді ұғымдар жөнінде жаңа тұрғыда терең ой қозғады.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті полиция қызметі жетілдіріледі. Бұл жерде басты рөл құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын учаскелік полиция инспекторларына беріледі деп жоспарлануда. Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар әзірленуде.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрі атап өткендей, материалдық техникалық базаны жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізіледі. Бұл қылмыстың алдын алуға тікелей әсер ететіні анық. Жолдауды жүзеге асыру бағытында полиция жұмысы жаңа форматқа көшеді.

Қазір барлық сала ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. Жолдауда айтылған «Халыққа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін береді.

Халықтың сеніміне ие болып, атқарған жұмысын ашық көрсете білу әрбір учаскелік полиция инспекторының мақсатына айналғанда ғана сала жұмысы нәтижелі болады. Сондықтан Мемлекет басшысының «Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет» деп айтуы өте орынды.

Ел қорғаны тәртіп сақшыларының қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенеді. Халық көкейіндегі мәселелерді шешу және олардың конституциялық құқықтарының қорғалуы – Полиция департаментінің басты назарында.

Азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығы, орынбасарлары күнделікті бекітілген кестеге сәйкес жазылған азаматтарды қабылдайды.

Жыл басынан Қызылорда облысы Полиция департаментіне 2500-ге жуық өтініш келіп түсіп, әрбір өтініш бойынша тиісті тексерулер жүргізіледі. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау барысы Полиция департаментінің басшылығы тарапынан заңнамаға сәйкес бақылауда. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды.

Азаматтардың өтініш-шағымдары «Электрондық үкімет» eGov.kz, сондай-ақ хаттарға арналған жәшіктер мен пошта арқылы қабылдау да қатар жүргізіледі.

Тұрғындар әлеуметтік желілердегі департамент парақшалары арқылы да өз сауалдарын жолдай алады.

Қызылорда облысының Полиция департаменті өз құзыреті шегінде аумақты дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларын орындауда.

Жыл басынан 2690 (2019 жылы – 4230) қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 36,4 пайызға тіркелуі төмендеді.

Облыс жолдарында орын алған жол көлік оқиғалары және онда зардап шеккендер саны азайды.

Ағымдағы жылдың 8 айында жол қозғалысын бұзудың 100 мыңнан астам дерегі анықталып, олар бойынша 760 млн тенге айыппұл салынды. Облыстық бюджетке 486 млн теңге өндірілді.

Сонымен қатар, Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру, еңбекпен қамту, үй – баспанамен қамтамасыз ету, жемқорлықпен күресу, электронды қарым-қатынасты арттыру жолдары нақтыланды.

«Мәселен, бейнебақылау камераларының тиімділігі жөнінде айтып өтсек. Бейнебақылау құрылғылары қылмыстың алдын алу мен болдырмауға және қылмыскерді құрықтауға көп септігін тигізеді. Оған қарапайым өмірден көп мысал келтіруге болады. Сол себепті Жолдауда айтылған тапсырма бойынша облысымыздағы әлеуметтік нысандарға, халық көп шоғырланатын орындарға және тұрғын үйлер маңайына, ауылдардың кіреберісіне бейнебақылау орнатудың маңызы зор. Бұл басымдық полиция жұмысының тиімділігін арттырады» деп атап өтті Департамент бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан.

Қызылорда облысы Полиция

департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: