Баршамызға белгілі, 2020 жыл бүкіл әлем және Қазақстан халқы үшін ауыр жыл болды. Жыл басынан басталған коронавирус пандемиясы, одан кейінгі елдегі экономикалық құлдырау, жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантинге жабылған жұмыс, оқу орындары халықтың еңсесін түсіріп, тұрмыс-тіршілігіне қатты әсер етті. Жұт болып келген бұл індеттің салдарынан күніне мыңдаған науқас өмірімен қош айтысты. COVID-19 және пневмония дертінен медицинасы жақсы дамыған Жапония, АҚШ, Корея, т.б. елдер де зардап шекті.
Ең алдымен бұл індет медицина қызметкерлері үшін ауыр сынаққа айналды, сонымен бірге қоғамға медицина мен дәрігерлердің шынайы рөлін көрсетті. ХХІ ғасырдағы «обаның» таралуы дәрігерлердің құндылығын көрсетіп қана қоймай, көптеген жылдар бойына жинақталған мәселелердің де бетін ашты. Алғашқы күндерден бастап дәрігерлер вирустың таралуын азайту үшін алдыңғы шепте жүріп, көп жұмыс істеді. Біршамасы өздеріне ауру жұқтырып аламын-ау деместен, науқастарды емдеумен күні-түні айналысты. Отбасынан ұзақ уақытқа ажырап, кәсіби борышын адал орындады. Көбісі осы күресте жандарын да құрбан етті. Оларды нағыз оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлер десе де болады.
ҚР-ның бас санитар дәрігері қызметін атқарған Жандарбек Бекшин айтқандай, елімізге коронавирус 13 наурызда келді. Басында жұрттың барлығы коронавирус инфекциясының таралуы жайындағы хабарды интернеттен немесе теледидардан бақылап отыратын. Вирус Қазақстанға жеткенде үрей пайда болды. Жасыратыны жоқ, дәрігерлердің көбісі ол кезде қалай, нені емдейтінін де білмеді. Бұл шынымен де өлімге әкелетін ауру екеніне көздері жеткенде одан да бетер асып-састы. Содан бері Қазақстанда осы індеттен қайтыс болған адамдардың саны ресми мәлімет бойынша 2000-ға, ал ауырғандар саны 131 мыңға жуықтады. Бұл – «ковид тәрізді» пневмониямен ауырып, қайтыс болғандардан бөлек мәлімет. «Ковид тәрізді» пневмония Қазақстанда карантиннің екінші толқыны жарияланғанда, яғни маусым айынан бастап өрши бастады. Алайда Қазақстанда «ковид тәрізді» пневмония жағдайлары және одан қайтыс болу статистикасы шілде айынан бастап жүргізілді, себебі, Денсаулық сақтау министрлігі пневмония өршуінің ковидке қатысы жоқ деп есептеді. Тек қазақстандық медициналық белсенділердің және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) араласуынан кейін ғана пневмонияны қате диагноз қойылған COVID-19 деп атады. Қаншама жақын-туыстарымыз, достарымыз, әріптестеріміз осы «ковид тәрізді» пневмониядан қайтыс болды. Күніне оншақты қайғылы жағдайдан хабар келіп тұрды. Бір отбасынан бірнеше адам қайтқан жағдайлар да көп болды.
Әрине, осы уақыт аралығында медициналық қызметкерлердің барлығы үлкен тәжірибе жинады. Енді олар коронавирусты симптомдары бойынша анықтай алады. Алайда олардың өздері де ауруға шалдығуы және барлығы бірдей ауруды жеңе алмауы сөзсіз. Біз көптеген әріптестеріміздің вирус жұқтырып ауырғанын, көбісінің қайтыс болғанын естіп, көріп жүрміз. Ақ халатты абзал жандар кәсіби өмірінде жүздеген науқастарды өлімнен құтқарды. Бірақ олардың өздерін құтқарып қалу мүмкін болмай қалып жатқаны өкінішті. Бұл – ел үшін және ұлттық денсаулық сақтау үшін орасан зор және орны толмас шығын. Олардың әрқайсысы адам ретінде, кәсіпқой маман ретінде ерекше құнды.
Пандемияның соққысын бірінші болып қабылдап, онымен күресте өмірлерін қиған медициналық қызметкерлердің аттары тарихта алтын әріппен жазылып қалуға тиіс деп ойлаймын. Өкінішке қарай, олардың санын толық біле алмай отырған жайымыз бар. 13 шілдеде орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда коронавирус пандемиясынан 51 медициналық қызметкер қайтыс болғанын, мемлекет басшысы қайтыс болған 42 дәрігерді мемлекеттік наградалармен марапаттағанын айтып, тізімін сайтқа жариялап, артынша алып тастады. Онда Қызылорда облысы бойынша бір ғана дәрігердің өлім жағдайы бар делінген. Бірақ, олай емес екенін барлығымыз да білеміз.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да облыс бойынша пандемиядан қайтыс болған әріптестеріміздің тізімін сұрап ала алмадық. Дегенмен, Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің «Сыр медицинасы» облыстық қоғамдық бірлестігі 19 тамыз күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловтың атына дүниеден өткен әріптестеріміздің есімдерін мәңгілікке қалдыру мақсатында оларға кішігірім ескерткіш немесе аты-жөндері жазылған мемориалдық тақта орнату жөнінде, оны Қызылорда қаласындағы «Денсаулық үйінің» немесе Қызылорда жоғары медициналық колледжінің алдында орнату туралы ұсыныс хат жолдаған болатын. Жауабын күтудеміз.
Денсаулық сақшыларының уақытпен санаспай, келген індетке қарсы тұрған жанкештілігі болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Медициналық оқу орындарында студенттер пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің есімдерін ұлықтап іс-шаралар өткізсе, мемориалдық тақтаға тағзым етіп, гүл шоқтарын қойса, бұл олардың патриоттық тәрбиесінде маңызды рөл атқарар еді.
Үрмия БЕИСОВА,
«Сыр медицинасы» ҚБ төрайымы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!