Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұқағали рухына

05.02.2020, 16:24 626

Ақын аға қырандайын мұзбалақ,

Өмірімен кеткен мәңгі жыр қалап.

Поэзия шыңдарының басынан,

Асқақ жыры әлі күнге тұр қарап.

Елін сүйіп жырға қосты әр үйді.

Жырға қосқан бесіктегі сәбиді.

Қасиетін ана тілдің сезем деп,

Ақын болып туғанына налиды.

Ақын жыры тіліп түсер алдаспан.

Самғай білді шабыт қанат талмастан.

Біздерді де жоқтайтұғын жан болса,

Табар дейді архивтерден шаң басқан.

Табиғатпен ғашықтардай сырласты,

Тауды сүйді, ақ қар, көк мұз, шың басты,

Жігітінен дос таба алмай қазақтың,

Қызда болса, Фаризаға мұңдасты.

Қалам тартып «Жүректерді жырлаған»

«Аққулардың ұйықтағанын» тыңдаған.

Көктем келсе жас балаша қуанды.

«Қарлығашым келдің бе?» деп дін аман.

Асқақ ақын биік таудай өр мінез,

Тағдыры сол заманға болды кез.

Көндіге алмай мынау түлкі заманға

45 жас ғұмыр жасап сөнді тез.

Аласармас рухы зор, нар тұлға.

Жырын жатқа оқиды жас-қартыңда.

Өзі өлсе де жаңғырып тұр әлі күн.

«Мен таулықпын » деген сөзі артында.

Айтар ойын отты жырмен айта алған.

Ұйқас терең, мағыналы ой-толғам.

Күпі киген қара өлеңін қазақтың

Шекпен жауып қайта өзіне қайтарған.

Жүрегіме шуақ құйып өлең-нұр

Мұқағали рухына өрем жыр.

Қара өлеңге қанат қақтым талпынып,

Ақын аға әруағыңмен жебеп жүр!

Хамит Мықбасов,

Тасбөгет кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: