Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев кімге қатаң сөгіс берді?

17.08.2020, 9:40 468

HALYQLINE.KZ Өткен аптада шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы карантиндік шектеу шараларын пысықтау мақсатында шұғыл мәжіліс өткізді.

Мәжілісте Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ж.Махамбетов ауылында болған тәртіпсіздік талқыланды. Яғни, 13 тамыз күні ауыл тұрғыны тыйым салынған шектеулерді ескермей, 100-ге жуық адам жинап, той жасаған. Тойдың өту барысында тұрғынмен атыс қару қолданылып, салдарынан екі бүлдіршін дене жарақатын алған.

Аталған тәртіпсіздікке жол берген Ақсуат ауылдық округінің әкімі бұл мәселеге қатысты пікірін «Той егесіне ауызша да, жазбаша да ескерту жасадым. Менің ескертуімді назарға алмай той жасады» деп қысқа қайырды.

Пандемия уақытынды ауылдың қоғамдық-саяси ахуалын тұрақты бағытта ұстай алмай, тойдың болғанын қала әкімдігіне дер кезінде хабарламағаны үшін, шарасыздық танытқан округ әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа шаһар басшысы қатаң сөгіс берді.

«Ауыл тұрмысын түзетуде атқарған жүйелі еңбектеріңізді ескеріп, қатаң сөгіспен қалдырдым» деген шаһар басшысы басқа да кент және ауылдық округ әкімдеріне өздеріне сеніп тапсырылған аумақта бақылауды арттырып, алдын алу шараларын күшейтуді нықтап тапсырды.

Сондай-ақ, ауылдық округтің аймақтық полиция қызметкерін дер кезінде қажетті шараларды қолданбай, тиісті органдарға хабарламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға қалалық полиция басқармасына нұсқау берді.

Бұған дейін қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде ауыл тұрғыны аулада той өткізбек болған. Алайда той қалалық мобильді топтың араласуымен тоқтатылды. Аталған мәселеге байланысты ауыл әкімі Медет Сейіловтың болған оқиғаны дер кезінде хабарлағаны ескеріліп, ескерту берілді.

Қала әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі мен сала басшыларына кент және ауылдық округ әкімдерінің қызметіне талдау жасап, олардың қызметіне қатысты ұсыныс беруді жүктеді.

Мәжіліс соңында шаһар басшысы ауыл әкімдеріне карантин талаптарын сақтауда жоғары жауапкершілікпен жұмыс істеу керектігін тағы да қатаң ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: