Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрақсыз тариф

04.08.2020, 14:00 581

Ақ халаттылар пандемиямен алысып жатқанда, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС электронды билет жүйесін енгіземіз деп желпініп отыр. 1 қыркүйектен бастап жолақы құны қолма-қол төлем – 120 теңге, электронды картамен 90 теңге болып бекітілді. Жалпы, бұл мәселе төңірегінде әңгіме әлдеқашан шыққан. Онда серіктестік өкілдері «жаңа өзгеріске түпкілікті көшкеннен кейін ғана электронды қондырғыны қолданушы жолаушылар – 80 теңге, жолақыны қолма-қол берушілер 150 теңге төлейтін болады»,- деген еді. Алайда кейбір себептерге байланысты терминалдарды орнату кейінге шегерілді. Тарифтің өзгеруіне халық қанша қарсылық танытса да, «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі өз дегенінен қайтқан емес.

Апта басында электронды билет жүйесіне байланысты баспасөз брифингі болды. Жауаптылар әдеттегідей жаңа жүйенің тиімділігін айтумен әлек. Бұл жобаны іске асыруға бюджеттен бірде-бір тиын бөлінбепті. «Alem Pay» ЖШС-нің жеке қаржысы есебінен жүргізіледі дейді олар.

– Бүгінгі күні біз қаладағы үлкен сыйымдылықтағы автобустарға 89 дана электронды билет жүйесін қондырдық. Жұмыс жобасына сәйкес жаңа жүйе барлық бағыттағы қоғамдық көлікке орнатылатын болады. Яғни, валидаторлар және жүргізушіге арналған терминалдар орнатылады. Бұның негізгі мақсаты – қоғамдық көліктің басты табысын анықтау. Бұл жоба жолаушы мен жүргізушіге қолайлы. Жаңа жүйеге сәйкес жолақысын төлеудің 9 түрі бар. Оны электронды карта, ұялы телефондағы арнайы бағдарлама, QR код және банк карталары арқылы төлеуге болады. Мәселен, «2505» нөміріне банк картасының 16 санын жіберсеңіз, сіздің банк картаңыз автоматты түрде төлем картасы ретінде енеді. Сондай-ақ, «SMSBUS жолаушы» мобильді қосымшасы арқылы өз қажеттілігіне қарай бағыттардың қозғалыс кестесін анықтап, аялдамаға келу уақытын бақылай алады, – дейді «Alem Pay» ЖШС өкілі Абат Бахытбек.

Серіктестік өкілі автобустарға орнатылған тестік режимдегі электронды төлем жүйесін қолдану әлі де төмендеу екендігін айтты. Бүгінгі күні жолаушы тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен жиын өткізіп, оны орнату жөнінде жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. Осы өзгеріске сәйкес жеке тасымалдаушылармен сөйлесіп көрдік.

– Терминалдарды үлкен сыйымдылықтағы автобустарға орнатқанын естідім. Бізге оны әкеле ме, әкелмей ме, белгісіз, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген №28 бағыттағы қоғамдық көлік иесі.

«Бұл өзгеріске дайынсыздар ма?» деген сауалымызға ол «Көрерміз енді» деп қысқа қайырды.

Қазіргі күні қалада қоғамдық көлік жетіспеушілігі бар. Жыл басындағы ақпаратқа сәйкес қалаға үлкен сыйымдылықтағы 10-нан аса автобус алынады делінген.

– Жаңа автобустарды қыркүйек айында алып келуді жоспарлап жатырмыз, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС серіктестігі директорының орынбасары Қанат Рахметов.

Жаңа тариф түпкілікті бекітілген соң ел бұл өзгерісті Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған несиемен байланыстырып отыр.

Мұның ара-жігін нақтылау мақсатында бұл сұрақты Қ.Рахметовке қойған едік. Ол:

Жолақының қолма-қол төлем – 120 теңге, электронды картамен 90 теңге болып бекітілуі Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған несиеге ешқандай қатысы жоқ, – деді.

Жауаптылардың сөзінше, қалаішілік қоғамдық көліктердің электрондық жолақы төлеу құрылғылары жарамсыз немесе істемей тұрған болса, көлік карталары арқылы жолақы төлейтін жолаушылар тегін жол жүру құқығына ие болмақ. Төлем карталары қаладағы ірі сауда орындарында жақын күндері сатылымға шығады. Құны – 500 теңге.

Айта кетейік, бұл жоба Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылып отыр екен.

Коллаж

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: