Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәслихат сайлауының нәтижесі 4 желтоқсанға дейін белгілі болуы тиіс

29.11.2026, 10:20 26

Қазақстанда бүгін өтіп жатқан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы 4 желтоқсанға дейін анықталуы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес, дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары берілген дауыстарды санап, тиісті хаттамаларды рәсімдейді. Ресми қорытынды заңда белгіленген мерзімде жарияланады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Негізгі сайлау учаскелерінде дауыс беру 29 қараша күні сағат 20:00-де аяқталады. Қызылорда қаласы әкімдігінің түсіндіруінше, учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауды 12 сағат ішінде жүргізеді. Алайда әр учаскедегі дауыстардың есептелуі мен тиісті мәслихат бойынша ресми қорытындыны анықтау бірдей рәсім емес. Сондықтан сайлаудың түпкілікті нәтижесі барлық қажетті құжаттар өңделгеннен кейін жарияланады.

Республика бойынша дауыс беруді ұйымдастыру үшін 10 338 сайлау учаскесі қарастырылған. Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 679 459 азамат енгізілген. Азаматтар өз учаскелерінің нөмірі мен орналасқан жерін электрондық мемлекеттік қызметтер арқылы тексере алады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасындағы тиісті сервисті пайдалануға немесе жергілікті сайлау комиссиясына жүгінуге болады.

29 қарашадағы дауыс беру қорытындысы бойынша елдегі 228 мәслихаттың жаңа құрамы жасақталады. Олардың қатарына Қызылорда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттары да кіреді. Әзірге кандидаттар мен партиялардың алған дауыстары туралы түпкілікті ресми нәтиже жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: