Қазақстанда бүгін өтіп жатқан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында төрт түрлі түсті бюллетень қолданылып жатыр. Олардың әрқайсысы мәслихаттың деңгейіне және депутаттарды сайлау тәсіліне қарай ерекшеленеді. Орталық сайлау комиссиясы бұл өзгеріс азаматтардың бюллетеньдерді шатастырмай, дұрыс таңдау жасауына көмектесетінін түсіндірді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, көгілдір түсті бюллетень облыстық, Астана және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына партиялық тізім бойынша дауыс беруге арналған. Жасыл түсті бюллетень осы деңгейдегі мәслихаттарға бірмандатты округтер бойынша кандидаттарды сайлау кезінде қолданылады. Ал күлгін түсті бюллетень облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына, қызғылт сары бюллетень аудандық мәслихаттарға депутат сайлауға арналған.
Барлық бюллетень А5 форматында әзірленген. Олардың ішінде кандидаттар немесе партиялар туралы мәліметтер, дауыс беруге арналған белгі қою орындары және «Бәріне қарсымын» деген жол бар. Сайлаушы өзі тіркелген аумаққа сәйкес тиісті бюллетеньдерді алады.
Дауыс беру жасырын түрде жүргізіледі. Азаматтар өз таңдауын жасағаннан кейін бюллетеньдерін сайлау жәшігіне салады. Учаскелік комиссия мүшелері дауыс беру рәсімін ұйымдастырып, азаматтарға сайлау тәртібі туралы түсініктеме береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!