Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хакерлер АҚШ әскери-әуе күштерінің аса маңызды жүйесіне кірген

28.11.2026, 14:00 25

HALYQLINE.KZ

АҚШ әскери-әуе күштерінің ең ірі бұлтты есептеу платформаларының бірі – Cloud One жүйесіне хакерлер заңсыз қол жеткізген. Кибершабуыл әскери қызметкерлердің жеке мәліметтеріне, логистикалық ақпаратқа және қорғаныс саласында қолданылатын бірқатар цифрлық қызметке қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы оқиғадан хабардар үш дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Агенттіктің 27 қарашадағы зерттеуіне сәйкес, жүйеге бөгде адамдардың кіргені соңғы бір ай көлемінде бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту кезінде анықталған. Cloud One платформасы АҚШ әскери-әуе күштерінің әртүрлі ақпараттық жүйелерін біріктіру үшін құрылған. Онда әскери қызметкерлердің деректері, төлем жүйелері, логистикалық операциялар мен әскери техниканы техникалық қамтамасыз етуге қатысты қосымшалар орналасқан. Платформаның жұмысын қамтамасыз етуге Microsoft, Amazon, Oracle және Alphabet компанияларының технологиялық инфрақұрылымдары тартылған.

Reuters мәліметінше, кибершабуылдан кейін жүйеге жаңа бағдарламаларды көшіру жұмыстары уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар қолданыстағы қосымшаларды жаңартуға шектеулер туындап, кейбір пайдаланушылардың әкімшілік құқықтары алынған. Оқиғаның ауқымын бағалау үшін АҚШ Киберқолбасшылығының мамандары тартылған.

— Мұндай жүйеге қол сұғу – өте маңызды оқиға, — деді Reuters агенттігіне ақпарат берген дереккөздердің бірі.

АҚШ әскери-әуе күштері агенттік сауалына берген жауабында нақты жүйелердің қауіпсіздік жағдайы мен осал тұстарына қатысты түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. Ведомство өз ақпараттық жүйелерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізген.

Әзірге кибершабуылды кім ұйымдастырғаны, қандай көлемде ақпаратқа қол жеткізілгені және құпия деректердің сыртқа тараған-тарамағаны анықталған жоқ. Сондықтан әскери құпиялар ұрланды деген тұжырым жасауға негіз жоқ. Дегенмен оқиға әлемдегі ең ірі әскери державаның цифрлық инфрақұрылымына қатысты болғандықтан, халықаралық киберқауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: