Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралды құтқаруға 170 млн доллар тартылды. Қаржы қайда жұмсалады?

28.11.2026, 10:40 41

HALYQLINE.KZ

Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық еткен үш жылында өңірдегі су ресурстарын басқару және экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы жобаларға 170 млн долларға жуық гранттық қаржы тартылды. Сонымен қатар Сырдария өзені бассейнінде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Бұл туралы Шымкент қаласында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысында айтылды. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері қатысып, Қырғызстан тарапы бақылаушы ретінде қатысты. Басқосуда қордың 2024–2026 жылдардағы қызметі қорытындыланып, Арал теңізі бассейніндегі мемлекеттердің алдағы бірлескен жұмысы талқыланды.

Ресми мәліметке сәйкес, тартылған қаржы бірнеше халықаралық бағдарламаға бағытталған. Дүниежүзілік банкпен бірлескен CAWEC жобасына 20 млн доллар, REMIT бағдарламасына 145,2 млн доллар және Француз даму агенттігінің жобаларына 2 млн еуро көлемінде грант қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар және қаржы институттарымен 13 меморандум мен келісім жасалған. Бұл қаражаттың барлығы тікелей Арал теңізіне су жіберуге бөлінді дегенді білдірмейді. Әңгіме су ресурстарын тиімді басқаруға, өңірлік ынтымақтастыққа және тиісті инфрақұрылымдық бастамаларға арналған қаржы туралы болып отыр.

Отырыста Сырдария бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыруға қатысты маңызды шешім де қабылданды. Қор басқармасы арнайы жұмыс жоспарын әзірлеуді қолдап, бассейн елдерінің өкілдерінен жұмыс тобын құруды мақұлдады. Енді тараптар ұлттық үйлестірушілерді белгілеп, жоспарды келісуге тиіс. Бұдан кейін техникалық және қаржылық қолдау мәселелері халықаралық серіктестермен пысықталады. Алайда жобаның нақты құны мен іске қосылатын мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

— Бүгінгі отырыс Қазақстан Республикасының 2024–2026 жылдардағы Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығын қорытындылайды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қорға төрағалық ету Өзбекстан Республикасына өтеді, — деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, Қазақстанның төрағалығы кезеңінде 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім қабылданған. Ал Орталық Азиядағы су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы желтоқсан айында Абу-Дабиде талқыланбақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: