Соңғы жылдары репродуктивті медицина саласында жаңа мүмкіндіктер кеңейіп, отбасыларға көрсетілетін медициналық көмектің ауқымы артып келеді. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа айрықша көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылып, өңірлерде нақты нәтижелерін көрсетіп отыр.
Қызылорда облысында да бағдарлама аясындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ЭКҰ бағдарламасына бөлінетін квота саны шамамен 8 есеге артқан. 2026 жылға 264 квота бөлініп, бүгінгі таңда 235 әйел жолданған. Жоспардың орындалу көрсеткіші 89 пайызды құрайды.
- Бағдарламаның өңірдегі нәтижесі де көңіл қуантады. Биыл ЭКҰ әдісі арқылы 113 бала дүниеге келсе, оның ішінде 9 отбасында егіз сәбилер туған. Сонымен қатар, суррогат ана қызметінің көмегімен 2 сәби өмірге келген. Жалпы, облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің саны 170 532-ні құрайды. Ал қазіргі таңда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 654 отбасы квота кезегінде тұр. Олардың құжаттары арнайы өңірлік комиссияда қаралып, қолданыстағы талаптарға сәйкес жолдама беріледі. Бұл ретте пациенттердің құжаттарын қабылдау, комиссия қарауына ұсыну және ЭКҰ циклдеріне мониторинг жүргізу жұмыстары Облыстық перинаталдық орталықта жүзеге асырылады. Комиссия құрамына білікті акушер-гинекологтар мен уролог мамандар, қоғамдық қорлардың үйлестірушілері, сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы енгізілген. Бағдарлама аясында бөлінетін квота санының артуы мен медициналық көмектің қолжетімділігі көптеген отбасының сәби сүю арманына жол ашып отыр. Мемлекеттік қолдау мен заманауи медицинаның мүмкіндіктері алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жалғасуына негіз болмақ,- деді Мая Миранбайқызы.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы — мыңдаған отбасының үмітіне дем беріп, ата-ана болу арманына жол ашқан маңызды мемлекеттік бастама. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!