Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен көрген Желтоқсан

25.11.2026, 17:40 87

HALYQLINE.KZ

Ол кезде мен Алматы халық шаруашылығы институтының, яғни «НарХоздың» студентімін. Бәрі де есімде, 1986 жылдың 6 желтоқсаны күні түстен кейін  сабақта отырғанымызда ұлтымыздың ұлы перзенті Димаш аға Қонаевтың орнына Колбин деген біреуді әкеліп, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындағанын естідік…

Аудиторияны көңілсіздік жайлады… Сабақтан зіл-батпан ауыр оймен қайттық, прокатқа алған теледидардан көрдік, рас екен… 17 желтоқсан күні сабаққа ерте бардым. Факультет деканының орынбасары Әнуар Дәуренбеков ағай алдымнан кездесіп қалып, «Дархан, жастар алаңға жиналып жатыр екен» деді. Мен басқа сөзге келместен, «мен кеттім ағай» дедім.

Барсам, Брежнев атындағы алаңда, Мир мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында 50 шақты қазақтың ұл-қызы жиналып тұр екен… Көп ұзамай жақын жердегі оқу орындары Политех, СХИ, т.б. оқу орындарының студент жастары толқын-толқын болып, қолдарында әртүрлі теңдік сұраған «Орыстардың отаршылдық саясаты жойылсын!», «Қазақстанды қазақ басқарсын!», «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек!», «Қазақстан қазақтар үшін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», т.б. сөздер жазылған ұрандарды (плакат) ұстағандар келіп қосылды… Ол күнді айту, еске алу ауыр екен…

Трибунада ең бірінші сөйлеген қазақтың қарапайым қызы Гүлнара Нұркенова (бейнесі әлі көз алдымда. Қазір бар ма екен, тірі ме екен?) болатын. Қазір ешкім ол қыз туралы айтқысы келмейді, кейбір желтоқсаншы тек өздері ғана Желтоқсан көтерілісіне қатысқандай әңгімелейді.

Г.Нұркенова: «Жолда «қайда барасың?» деп орыс милициялар сабады, бұлардан көрген қорлығымыз аз емес, қайтпаңдар бауырлар!» деді. Айтпақшы, қолында кішкентай баласы бар… таяқ жегені көрініп тұрды… Мінбеге жақындап келген орталық комитеттің бюро мен пленум мүшелері талап етуі басталды… Өз халқын басқаратын бір ұл 10 миллион қазақтың ішінен шықпады дегенге кім сенеді?

Мемлекеттік тіл неге орыс тілі, Қазақ республикасы бола тұра?! Әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, басқа ұлттарға неге артықшылық беріледі, қазақ өз жерінде неге өгейдің күйін кешуде, т.б. қордаланып қалған мәселелер айтылып жатты. Қазақстанды қазақ басқаруы керек, болмаса осы елде туған қазақ ұлтының болмысы-менталитетімен таныс орыс басқарсын, жабылып қалған қазақ мектептері қайта ашылсын… Республиканы басқара алатын мынадай адамдар бар: Н.Назарбаев, З.Камалиденов, Е.Әуелбеков, Мирошхин, Мирошник, С.Мұхашев, т.б …Өзім екі рет хат апарып бердім, екеуін де Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қолына тапсырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол арада маған не айтқанын, Колбиннен кейін қазақ мемлекетін қалай басқарғанын, жалпы ол туралы көп нәрсе айтып жазуға болар еді. Мен оны табаламай-ақ қояйын, өзі көтеріп, үлкен лауазымды қызмет беріп, иен байлыққа ие қылған сенімді деп тапқан серіктері (әңгіме айналасындағы 30-40 адам туралы) сатып кетіп, тағдыры аянышты күйге түскен осы бір кісі туралы сондай екіжүзділерге қызмет бергенше, желтоқсаншыларды командасына алуы керек пе еді?! (Қазіргі ойым ғой), сонда бәрі басқаша болар ма еді?!. Бұлар құсап халқының қанын сүліктей сормайтындары анық қой… қалай болғанда да тарихымызда қалған кісі, сызып-өшіріп тастай алмаймыз. Сол арада тұрған милициялар ұстағысы келіп еді, төменде тұрғандардың айғайымен өзімді ұстап тұрғандардан сытылып шықтым…

Басшылардың қандай кісілер екенін кейін білдік қой, әсіресе Зақаш Камалиденовтың жауыз екендігін… қазақ пен орысты бір молаға жерлеу керек, көтерліске қатысқан жастарды аяусыз жазалауды, т.б. қатаң талап еткенін сол уақыттың өзінде-ақ естідік… Саяси Бюро мәжілісінде «Қазақстанды басқаруға кімді жібереміз?» деген сұрақ туғанда З.Камалиденовтың кандидатурасы дұрыс қой дегенде, КПСС ОК хатшысы Егор Лигачев: «Бізді, орыстарды бізден де, орыстардан да қатты жақсы көретін, ал өз халқы қазақтарды бізден де, орыстардан да қатты жек көретін мұндай қауіпті адамды ондай қызметке жіберуге болмайды» деп М.С.Горбачевқа айтқан екен. Таңдау Колбинге түскен… кейін білгендерімнен…

Құдай сақтады, егер Камалиденов басшы болғанда репрессияның көкесі сонда болатын еді… Қазақ ССР-нің КГБ-ның бұрынғы төрағасы, генерал-майор З.Камалиденов Желтоқсан оқиғасынан кейін кадрлар ауыстырылғанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. Осы бір адамды ақтағысы келетіндерге түсінбеймін, неге… Осы Камалидинов және Қайрат Рысқұлбеков кешірім сұрап, шырылдап хат жазғанда кешірім жасамаған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Саламат Мұқашевтің аты-жөндерін хатқа жазып, басшы болуға лайық деп жүрген өзімізді де ұрып өлтіретін адам жоқ. Қайдан білейік, ол кезде қазақ болған соң…

Кеш түсе қарулы әскер тарпа бас салды, бастарында каска, бір қолдарында дубинка, бір қолдарында қалқан, қысқасы, билік қазақ жастарымен санасқысы келмеді… күшпен шешкісі келді… бейбіт талап етуде тұрғанбыз… Қарадай өлейік пе, төселген плиталарды аударып қолға тас алдық, өсіп тұрған жазығы жоқ жасыл шыршаларды сындырып сойыл қылдық… әскер аямады… мұздай су шашты… Түннің бір уағында курстас достарым Машарап Шоқбаров, Нұртай Сабильянов үшеуміз бірге қайттық. Соңғы автобус шығар мінгеніміз, жолда орыстармен төбелесіп, жатақханаға өліп жеттік. Келсек, кірер ауызда факультет деканы Кәкім аға Шаяхметұлы Дүйсембаев пен замдекан Олег Михайлович Елистратов тұр екен. Біздің есеп-экономика факультетінің деканы К.Ш.Дүйсембаев көкшетаулық болса, Еркін аға Төлегенов кентаулық, адами қасиеті мол үлкен тұлғалар болатын. Бұл ұстаздарым туралы бөлек жазып отырғаным сондықтан. Ал, О.М.Елистратов замдекан, кейінн статистика кафедерасының  меңгерушісі болды,  ешкімге зияны жоқ адам еді. Орыс болса да бірде-бір студентті ұстап берген жоқ, тағырымыз қолында тұрған болатын.

Оны айтасыз, қазіргі мәңгілік мәжілісмен, курстасымыз Нұртай Салихұлы Сабильяновты (фотода дауыс күшейткіш ұстаған) КГБ-ның қызметкерлері іздеп келгенде оны жұмсаған өзіміз деп айтуға көндірген Батырхан Сүттіқожанов болатын. Отбасымен аман-есен Алматы облысында өмір кешуде. Орыс тіліне жетіксің ғой, солай айтсын, Олег Михайловичке айтшы дедік. Солай айтылды. Сабильяновтың кейінгі тағдырына жеңіл әрі жақсы әсер етті. Орыс ұлтының өкілі осындай мәрттік жасады. Жездемізге алланың нұры жаусын! Қазір бар ма, тірі ме білмедім. Оқу бітіріп кеткеннен кейін, кейінгі өмірінен хабарсызбын…

Ал студсоветтің төрағасы, атына заты сай Батырхан досыммен хабарласып тұрамын. Ертеңіне, 18 желтоқсан күні «черный ходтан» ертемен шығып, Брежнев атындағы алаңға тағы да аттандық. Ораз Жандосов көшесіндегі 57-дегі, УЭФ, 2-пара жатақханасының комендаты, курстасымыз Люда Червинская артқы есікті ашып берген болатын. Ұлты мен тілі басқа болса да, соғар жүрегі, тілегі бір, сезімтал болып тұр ғой. Әйтпесе біздің қайда бара жатқанымызды білмейді емес, біледі… Рақмет оған!

Осы арада бір шындықты айта кетейін, көмектеспесе де ешнәрсе айта алмайтын едік. Курстас орыс қыздар бізге тілеулес болып, алаңда бізбен бірге болды, маған Колбин сайланған суық хабарды группаласым Ирина Гавская жеткізген болатын. Бірлі жарым оң қабақ танытпағандары да болды.

Нағыз қантөгіс сол 18-і күні болды, бойы тапал солдаттың дубинкамен бір ұрғанынан қалмай есімнен танып қалыппын, есімді жиғанда қаракөз қарындастарымның құтқарғанын білдім. Айта кетейін, көтеріліс кезінде қазақ қыздары ер-азаматтардан кем түспей сапта шайқас алаңында болды.

Кейін білдік, Новосібір, Ташкент, Свердловск және т.б. қалалардан алдырылған арнайы әскери дайындықтан өткен балалар үйінің тәрбиеленушілері екен ғой, ата-анасын тек «совет үкіметі» мен «компартия» деп қана білетін солдаттар екен. Тағы да айта кететінім, Горбачевтің келісімін алған Колбин Орта Азия Әскери Округінің (САВО) қолбасшысы, армия генералы Лобовқа Алматыға әскер кіргізуді талап еткен, бірақ армия генералы Лобов бұл бейбіт шеру деп келіспеген. Міне, нағыз азамат!

Екінші рет таяқ жеп естен танып қалғанымда, қазір марқұм болған ауылдың баласы Жарас Тәжімбетұлы Тәппетов деген жігіт көмектесті, аяқкиімімді әкеліп берді, қармен беті-қолымды жуып, есімді жидырды. Шайқасқа қайта кіріп кеттім… Оның аяғы Алматының шетіне апарып тастаған жерден қасымдағы екі қызбен әрең қайттық қой. Алған жарақатыма байланысты 19 желтоқсан күні көтеріліске қатыса алмадым. Қатыспағандардың (өздерін батыр желтоқсаншы етіп көрсетуші, жалаңшылдар) өтірігін көтеріліс 16 желтоқсан күні болды дегендерінен-ақ аңғаруға болады. Желтоқсанның 16-сы СОКП ОК хатшысы Разумовскийдің бастап келуі және қатысуымен түстен кейін РСФСР-дің Ульяновск обкомының бірінші хатшысы болған еді. Әлі Колбин сайланбай, олар алаңда не істеп жүр?

Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан достарым Машарап Шоқбаров, Болат Шонықов, Ұлан Өмірсеріков, Нұртай Сабильянов, Арынғазы Қайырбаев, Батырхан Сүттіқожанов, Хасбулат Кенжеғұлов, Нұрлан Садырбаев, Серік Сермағамбетов, Мұрат Ергешбаев, Ғабидулла Якияев, Сәкен Ідірісов, Мейрамбек Сағымбаев, Сұлтан Тажиев, Әшімхан Даумбаев, Қайрат Әлімбеков (марқұм), Құдайберген Нұрмағамбетов (марқұм), Қанат Нұрпейісов, Ержан Исабеков, Бағылан Сәбитов, Берік Зейнуллин, Есдәулет Айдаров (марқұм), Кәден Дәрмақанов, Ерлан Бисембаев, Нұрман Шыныбаев, Қали Қамбаров, Асқарбай Бекбосынов, Еламан Әбдіреев (марқұм), Аманбай Қанетов, Шапан Кежебаев, Мейрамбек Бөлекбаев, Берік Бейсенұлы, Серік Темірбаев (марқұм), Әмірхан Орынәлиев, Бақытжан Жарылқапов, Абай Рыстығұлов, Абай Машайұлы, Адоль Төлемісов, Сәкен Жұмағамбетов (марқұм), Бақыт Байниязов, Нұрлан Сүйінов және есіме түспей қалып, аталмаған достар болса, кешірім сұраймын.

Бәріміз де ауылдан барған қорғансыздар едік… Мұздай су шашты, итке талатты, сапер күрегінінің қырымен ұрып алаңнан күштер таратты… сосын соттаты. Ерлан Бисембаев 7 жылға сотталғанда жүрегіміз қан жылағанын айтсайшы. Ерланмен бірге өскен Машарапқа ауыр болды, жылау, күрсіну. Ерланды 60, 65-бап (ұлтаралық араздықты қоздыру, жаппай тәртіпсіздікке қатысу) бойынша прокурор 9 жыл сұраған еді, әйтуір 2 жылын түсіріп бергеніне шүкір дедік. Сол залда КазГУ-дің заңфак студенті Бағбан Тәйімбетов «бұл әділетсіз шешім» деп айқай салды. Не деген жүрек, өзінің құрып кететін жері еді ғой… қанында бар ғой қайсарлық, тектілік, әкесі Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың ұлы, қара шаңырақ иесі болатын. Қазір Әділет генерал-майоры. Мақсым-Машарапқа деген құрметім сол, бір ұлымның атын Ерлан деп, кенже ұлымның атын Бағбан деп қойдым. Бір жағы ырым, көкелеріндей күшті жігіттер болып өссін дегенім, бірақ Ерланыма Ерекеңнің сотталған тағдырын бере көрмесін. Жүрек шыдамайды.

Сол 18-і күнгі солдаттардың сапер күрегінің ізі сол жақ көзім мен сол жақ тіземде мәңгілік таңбасын қалдырды. НарХоздан оқудан шығып қалғандар болды, бірақ сотталғандар болған жоқ-ау, ректорат пен деканаттың қазақ басшылары жау талауына берген жоқ. Жазалаушыларды ешуақытта кешірмеймін, әсіресе барлық күштік құрылымды, соның ішінде Қазақ ССР-нің құзырындағы ІІМ-ін. Жастармен түсіністікке барғанда талап-тілектерін орындауға болатын еді ғой. Сол күндері «қазақ жастары бір балабақшаның балаларын бауыздап тастапты» деген жалған ақпарат таратты. Әйетуір қазақты жауыз қылып көрсету керек болды ғой оларға.

Ауылға келіп қол жұмыс істеп, бір жылдан кейін диплом алдым. Дипломды алу да оңай болмады, группаласым Александра Богачева мені ұлтшыл деп әшкрелегісі келген әрекетін, факультет партком хатшысы Борис Цой деген корей ағамыз ара түскенін ұмыта алмаймын. КГБ майоры, атын ұмыттым, Григорев тергеуге шақырып жүргенде ұстаздарым Варзана, Сәуле апайларға, З.Лукиенко, Е.Михалева, К.Дүйсембаева, Е.Төлегенов, О.Елистратов, Ә.Дәуренбеков, Ж.Шалқарбеков, Б.Цой, группаның старостасы, курстас досым Ержан Исабеков және т.б. өзімді оқуға түсірген, сол Желтоқсанның ызғарлы күндері жандарын шүберекке түйіп жүрген, туған ата-анамдай болған Патан мен Досберген Көшкімбаевтарға, сол қиын күндері үйіне паналатып қамқор болған Шолпан жеңгеме адамгершілік жөнінен мәңгі қарыздармын, алғысым шексіз!

Өзім ақталып қызмет істеп зейнетке шыққанымен, өзім сияқты Желтоқсан көтерілісіне қатысып, әлі ақталмай қалғандары қаншама, ақтаңдақтар жетерлік. Қазалылық, көтеріліске қатысқаны үшін ұсталып, ату жазасына кесілген Мырзақұл ағам Әбдіқұлов пен тараздық құрдасым Жамбыл Тайжұмаев (15 жылға сотталған болатын) әлі ақталған жоқ. Қанша желтоқсаншының ақталмай жүргенін бір Құдай біледі.

Желтоқсанға қатысушы ретінде жерлестерім мені құрметтеп жүргеніне ризашылық білдіремін. Мен туралы мақала мен әлеуметтік желіде мақала жазған Жұмабек Табынбаев, Алтын Мейірханқызы, Тимур Шоланұлы, Серік Ақмырзаға, кездесу ұйымдастырған №17 «Айгүл» балабақшасына, №97 мектеп (А.Алуашева, Н.Дошымбетов), №25 мектеп (Т.Әбжалел, С.Сәрсен, Қ.Жарқымбайқызы) ұжымдарына ризамын.

Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ерлік көрсеттім деген ойдан аулақпын. Бірақ Кеңес үкіметінің үстемдігіне қарсы көппен бірге алаңға шығып, қазақтың қандай ұлт екенін әлемге танытуға өз үлесімді қосып, қолымнан келгенше қарсылық көрсете білдім.

Дархан  БЕКЖАН,

Қызылорда  облысы,

Қазалы  ауданы,

Қожабақы  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: