Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыс аптасы қысқарады

20.11.2026, 15:10 60

Бразилияда 16 желтоқсаннан бастап алты күндік жұмыс аптасынан бес күндік жұмыс аптасына көшу басталады. 16 желтоқсаннан бастап жұмыс аптасының ең жоғары ұзақтығы 44 сағаттан 42 сағатқа дейін қысқарады. Ал 2027 жылғы 16 желтоқсаннан бастап бұл көрсеткіш 40 сағатқа дейін төмендейді, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Жарлыққа ел президенті Луис Инасиу Лула да Силва 19 қарашада қол қойды. Өзгерістің алғашқы кезеңінен-ақ қызметкерлерге жалақысы сақталатын екі демалыс күні беріледі. Конституциялық түзетуге сәйкес, олардың бірі мүмкіндігінше жексенбіге сәйкес келуі тиіс.

Бразилия үкіметінің мәліметінше, елде 14,8 миллион адам 6 күндік жұмыс аптасымен еңбек етеді. Ал жұмыс аптасы 44 сағатқа созылатын, бірақ екі демалыс күні бар тағы 21,7 миллион қызметкерге де жұмыс уақытының қысқаруы әсер етеді.

Егер бір айдағы орташа жұмыс уақыты белгіленген нормадан асып кетсе, артық жұмыс уақыты қосымша демалыс беру немесе үстеме жұмыс ретінде ақы төлеу арқылы өтеледі. Өтемақы төлеу тәртібі ұжымдық келісімдермен айқындалады.

Кейбір жағдайларда ұжымдық келісім бойынша екінші демалыс күнін сол айдың басқа күніне ауыстыруға болады. Дегенмен қызметкердің әр апта сайын кемінде бір демалыс күні болуы, ал айлық орташа есеппен аптасына екі күн демалуы қамтамасыз етілуі тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: