Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елді мекен тұрғындарымен кездесті

20.11.2026, 1:13 32

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендер Бозкөл, Кәукей және Тасарық ауылдарының халқымен кездесу өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесулер барысында аудан басшысы өңірде аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобаларға тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады.

-Аудан бюджетінің көлемі жыл басындағы 13,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін нақтыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Биыл Үрмәш Түктібаев, Қожабақы ауылдары мен Қазалы қаласының электр желілері қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар өткен аптада облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Жанқожа батыр және Үрмәш Түктібаев ауылдарына табиғи газ берілді. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдарын да көгілдір отынға қосу жоспарланған. Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» және «Қожабақы – Бекарыстан би» автомобиль жолдарының бойындағы көпірлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қарлан көпірінің құрылысы қайта жанданып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалау, каналдарды бетондау жұмыстары қолға алынуда. Бұдан бөлек, егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында жүгері дақылын өсіру бағытында инвесторлармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан басшысы.

Кездесулерде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, бозкөлдіктер ауылға балабақша салу, елді мекенішілік көшелерді асфальттау және мал суаруға арналған бұлақ қазу мәселелерін көтерді. Кәукей ауылының тұрғындары жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру қажеттігін айтса, тасарықтықтар Кәукей бағытындағы жолды тегістеу жөнінде өтініш білдірді.

Аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Тасарық – Кәукей бағытындағы жолды арнайы техникамен тегістеп, грейдерлеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды. Ал Кәукей ауылындағы жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мәселесін зерделеп, тиісті шаралар қабылдау «Қазсушар» мекемесінің жауапты өкіліне жүктелді.

Кездесулерден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Жеке қабылдау барысында айтылған мәселелерді шешу бағытында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: