Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөйлей алмайтын балаға, естімейтін адамға көмек: Қызылорда оқушылары ЖИ жобаларын әзірледі

18.11.2026, 18:00 32

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасанды интеллект көмегімен есту қабілеті бұзылған адамдардың қарым-қатынасын жеңілдетуге, балалардың сөйлеу дағдыларын дамытуға және қазақ әдебиетін жаңаша оқытуға арналған жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілер ғылыми ізденістерінің нәтижесі мен республикалық білім додаларындағы жетістіктері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Жиында алғаш сөз алған Ұлбосын Амангелді қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлғалардың бейнелену ерекшеліктерін жасанды интеллект технологияларымен ұштастырған зерттеуін таныстырды. Оқушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесары хан бейнесі мен Ғ. Бекахметовтің «Барсакелмес» шығармасындағы жасанды интеллект арқылы клондалған кейіпкерді салыстырған. Зерттеу барысында XIX ғасырдағы ел тұтастығы идеясының қазіргі экологиялық және цифрлық даму мәселелерімен байланысына назар аударылған. Жоба нәтижесінде оқушылардың тарихи тұлғалар туралы білімін кеңейтуге арналған «Тұлғаны таны» веб-платформасы мен «Han Battle» интеллектуалдық ойыны жасалған.

— Біздің зерттеуіміз І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы тарихи Кенесары хан мен Ғ. Бекахметовтің «Барсакелмес» шығармасындағы заманауи жасанды интеллект арқылы клондалған кейіпкерін салыстыруға бағытталды. XIX ғасырдағы жер мен ел тұтастығын қорғау идеясы XXI ғасырда табиғатты сақтау және цифрлық даму мәселелерімен ұштасып жатыр. Зерттеу нәтижесін оқушыларға қызықты ету үшін «Тұлғаны таны» веб-платформасы мен «Han Battle» интеллектуалдық ойынын әзірледік, — деді Ұлбосын Амангелді.

Ал Ғайнижамал Берікқызы есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған «Qoldau AI» әлеуметтік-технологиялық жобасын көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, веб-платформа компьютерлік көру және жасанды интеллект технологиялары арқылы қазақ ым тіліндегі ишараттарды нақты уақыт режимінде танып, мәтінге айналдыруға мүмкіндік береді. Жобаның басты мақсаты есту қабілеті бұзылған адамдар мен ым тілін білмейтін азаматтар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдету. Автор мұндай технологияның қоғамдағы коммуникациялық кедергілерді азайтып, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.

— Біз әзірлеген веб-платформа қазақ ым тіліндегі ишараттарды нақты уақыт режимінде танып, мәтінге аударуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларының көмегімен қоғамдағы екіжақты коммуникациялық кедергілерді жойып, баршаға тең жағдай қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз, — деді Ғайнижамал Берікқызы.

Жас зерттеуші Аделина Финансова балалардың сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған «Qadam Speech AI» веб-қосымшасының жұмысын түсіндірді. Жүйе арнайы фонемдік модельдер арқылы баланың айтқан дыбыстарын салыстырып, сөйлеу барысында кездесуі мүмкін қателіктерді анықтауға бағытталған. Қосымша ата-аналарға баласының сөйлеу ерекшеліктерін үй жағдайында бақылап, дыбыстарды дұрыс айтуға арналған жаттығуларды жүйелі орындауға көмектесуді көздейді. Автордың айтуынша, жоба балалардың тілдік дағдыларын ерте кезеңнен дамытуға қолдау көрсету үшін әзірленген.

— Біз ата-аналарға балалардың сөйлеу мәнерін үйде бағалауға көмектесетін «Qadam Speech AI» веб-қосымшасын жасадық. Жүйе арнайы фонемдік модельдер арқылы дыбыстарды салыстырып, мүмкін болатын қателіктерді анықтауға және балалармен үйде жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, — деді Аделина Финансова.

Брифингте ғылыми жобалармен қатар, қызылордалық оқушылардың республикалық олимпиададағы жетістіктері де айтылды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрбақыт Сағилатова Астанада өткен XIX Президенттік олимпиадада алтын медаль иеленген. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім додасына еліміздің барлық өңірінен 188 үздік оқушы қатысқан. Нұрбақыт өзінің жеңісін ұстаздарының еңбегімен және сапалы біліммен байланыстырды.

— Осындай беделді бәсекеде топ жарып, алтын медаль иеленуім ұстаздарымның берген сапалы білімі мен ерен еңбегінің нәтижесі, — деді Нұрбақыт Сағилатова.

Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бұған дейін де ғылыми жобалар байқауында жетістіктерге жеткен. Мектептің ресми мәліметіне сәйкес, білім ордасының оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы ғылыми жобалар байқауында 11 жүлделі орын иеленген. Олардың қатарында тарихи тұлғалар туралы зерттеу, «Qoldau AI» және «Qadam Speech AI» жобалары да бар. Бұл жұмыстар оқушылардың жасанды интеллект технологияларын білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында қолдануға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: