Елімізде бес мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды сәйкестендіру және интернетте жала жапқандар мен былапыт сөз қолданғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды.
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін. Сонымен қатар бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру, интернетте жала жапқандарға және былапыт сөз қолданғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Тиісті заң жобалары Қазақстан Республикасының Құрылтайында бірінші оқылымда қаралды. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне жас шектеуі енгізіліп, пайдаланушылардың жасын тексеретін арнайы тетіктер әзірленбек. Алайда бұл талап ата-аналармен, жақындармен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды. Бұдан бөлек, онлайн-платформалардың Қазақстанда ресми өкілдік ашуы міндеттеліп, заңға қайшы материалдарды жою жөніндегі нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгіленуі мүмкін.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеумен қатар, олардың жасын анықтау және жеке мәліметтерін қорғау мәселесін де шешу қажеттігін көтерген еді. Депутат әлеуметтік желілердің балаларға ықпалына алаңдаушылық білдіріп, шектеуді жүзеге асырудың нақты тетіктерін әзірлеуді ұсынған.
— Заң қабылдап қою жеткіліксіз, баланың жасын анықтау, жеке деректерін қорғау, жалған аккаунттар арқылы тіркелуге мониторинг жасау қажет, — деді депутат.
Жаңа заң жобасында онлайн-платформалардың қызметіне қатысты талаптарды күшейту де қарастырылған. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы он айында интернет кеңістігінен құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы жойылған. Енді мұндай контентті жою жөніндегі талаптарды орындамаған платформаларға жауапкершілік белгілеу ұсынылып отыр. Сондай-ақ жазылушыларының саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетігі енгізілмек. Заң жобасында азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, өз бейнесіне қатысты құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктері де қамтылған.
Өзгерістер интернетте жарияланатын ақпараттың мазмұнына да қатысты болмақ. Атап айтқанда, онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін, сондай-ақ масс-медиа мен әлеуметтік желілерде былапыт сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Сонымен бірге телеарналар мен радиоарналарды аудиовизуалды платформалар арқылы таратуды лицензиялау, онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін айқындау, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ресми жауаптарын арнайы белгімен көрсету тәртібін енгізу ұсынылған. Оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Айта кетейік, аталған талаптар әзірге заң жобасы деңгейінде қаралып жатыр. Олардың түпкілікті редакциясы құжатты одан әрі талқылау барысында нақтыланады. Заң қабылданған жағдайда Қазақстандағы әлеуметтік желілердің жұмысына, пайдаланушыларды тіркеу тәртібіне және интернетте ақпарат таратуға қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!