Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Германияда жастар наразылығы тәртіпсіздікке ұласа жаздады

17.11.2026, 10:55 73

Германияда 20 қарашаға жоспарланған жастар шерулері қарсаңында интернетте полицияға шабуыл жасап, дүкендерді тонауға шақырған хабарлама пайда болды. Құқық қорғау органдары әсіресе Франкфурт қаласында тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Германияда Z буыны өкілдерінің алдағы наразылық акциялары қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. 16 қарашада немістің BILD басылымы солшыл радикалдар пайдаланатын Indymedia интернет платформасында зорлық-зомбылыққа шақырған үндеу жарияланғанын хабарлады. Аноним авторлар 31 қазанда Франкфуртте болған жаппай тәртіпсіздіктерді қайталауға және олардың ауқымын ұлғайтуға үндеген.

Хабарламада Германияның әр өңіріндегі радикалды топтарды Франкфуртке жиналуға шақырған. Авторлар полиция қызметкерлерімен қақтығысып, сауда нысандарын қирату мен тонауды қолдайтынын білдірген. Олар бірнеше қалада қатар өтетін жастар шерулері полиция күштерінің бір жерге шоғырлануына кедергі болады деп есептейді.

Алайда жарияланған үндеудің шынайылығы мен авторларының кім екені әзірге анықталған жоқ. t-online басылымының жазуынша, Indymedia платформасына кез келген адам материал орналастыра алады және бұған дейін онда жалған мәлімдемелер де жарияланған. Қауіпсіздік органдары аталған хабарламаның шығу тегін тексеріп жатыр.

BILD-ке түсініктеме берген Германияның мемлекеттік қауіпсіздік құрылымдарының аты-жөнін жарияламауды сұраған қызметкері жастар қозғалысын радикалды топтардың өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылып отырғанын мәлімдеді. Оның бағалауынша, кейбір солшыл экстремистік ұйымдар мен радикалды белсенділер жастардың әлеуметтік талаптарын зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштастыруға тырысуда.

— Қазір жастар қозғалысын өз бақылауына алуға әрекет жасалып жатыр. Радикалды топтар зорлық-зомбылықты саяси күрестің заңды құралы ретінде көрсетуге ұмтылуда. Мұндай үрдіс жалғасса, қозғалыстың ауқымы қысқарғанымен, оның радикалдану қаупі күшеюі мүмкін, – деді аты-жөні аталмаған қауіпсіздік қызметкері BILD басылымына.

Германия Федералдық полиция кәсіподағының төрағасы Мануэль Остерманн да зорлық-зомбылыққа шақырған үндеулерді сынға алды. Оның айтуынша, полиция қызметкерлеріне жасалатын шабуылдар мен қоғамдық мүлікті қирату әрекеттерін саяси көзқараспен ақтауға болмайды.

Бұған дейін, 31 қазанда, Франкфуртте өткен жастар шеруіне полиция дерегі бойынша 8 мыңға жуық адам қатысқан. Алғашында бейбіт жағдайда басталған акция барысында кейін қақтығыстар туындап, дүкендер тоналған және қоғамдық мүлік бүлінген. Гессен жерінің ішкі істер министрі Роман Позек полицияға қарсы жасалған шабуылдарды айыптап, мұндай жағдайдың қайталануына жол берілмейтінін мәлімдеді.

14 қарашада Берлинде өткен «Gen Z regelt» қозғалысының кезекті акциясында да полиция мен демонстранттар арасында қақтығыстар тіркелді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шеруге шамамен 1200 адам қатысып, 20 адам ұсталған және 28 қылмыстық іс жүргізуге негіз болатын құқықбұзушылық туралы хабарлама тіркелген. Үш полиция қызметкері жарақат алған.

20 қарашаға жоспарланған наразылық акцияларының негізгі ұйымдастырушысы саналатын «Gen Z regelt» қозғалысы білім саласына қаржыны көбейтуді, өмір сүру құнының өсуіне қарсы шаралар қабылдауды, климат мәселесіне назар аударуды және міндетті әскери қызметке қатысты саясатты қайта қарауды талап етеді. Қозғалыс өкілдері бұған дейін зорлық-зомбылықты қолдамайтынын мәлімдеген.

Франкфурт полициясы алдағы шеру кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуге дайындалып жатыр. Қажет болған жағдайда қаланың орталық көшелеріндегі қозғалысқа шектеу қойылуы мүмкін. Гессен билігі тәртіпсіздіктердің алдын алуды басты міндеттердің бірі деп атап отыр.

Әзірге 20 қарашадағы шерулерде зорлық-зомбылық міндетті түрде болатыны туралы расталған мәлімет жоқ. Құқық қорғау органдары интернетте тараған үндеуді ықтимал қауіп ретінде қарастырып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: