БІРАҚ ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА БОЛДЫ
1982 жылдың 12 қарашасында КПСС ОК-нің кезектен тыс пленумы Бас хатшы қылып бірауыздан Ю.В.Андроповты сайлады. Саяси Бюро мүшелерінің ішіндегі ең жұмбақ адам Андропов 15 жыл бойы КГБ төрағасы болған еді.
Билікке келгенімен, Андроповтың бүйрегі мүшкіл халде еді. Ол алып елді 454 күн, яғни 15 ай ғана басқарғанда, оның жартысын ауруханада өткізді. Жаңа бас хатшы жұмысын еңбек тәртібін нығайтуды қолға алудан бастады. Онысы құптарлық іс еді, себебі, адамдар жұмыс уақытында өзінің жеке жұмысын бітіруге тырысатын.
1983 жылдың қаңтарынан бастап «Прогульщиктерді» ұстау науқаны басталды. Жұмыс уақытында милиция қызметкерлері, қолына қызыл белгі тағып алған ерікті жасақшылар дүкендер, универмаг, кинотеатрларда сеансты тоқтатып қойып, қайда жұмыс істейтіндерін тексерді. Тіпті атақты Сандуновский саунасына дейін тыржалаңаш адамдарды тексерді. Себебі, бұл қымбат саунаға бастықтар мен танымал өнер адамдары көп келетін. Халық бұл туралы әзілдеп «қазір екі Москва және андроповтық сағатпен жүреміз» дейтін болды.

Халық көңілін аулап, 1983 жылы қарашадан бастап 4 сом 70 тиын тұратын арақ сатыла бастады (фото). Қутілділер оны да «Андроповская ВОДКА» (Вот Он Добрый Какой Андропов) деп атап кетті.
Андропов өзінің ең үлкен ісі көлеңкелі экономика және партия аппаратын тазалауды қолға алды. Москва қаласының элитасын дефицит тауарлармен жасырын қамтамасыз етіп отырған «Елисеевский» гастрономының директоры Юрий Соколовты тұтқындап, ашық сот процесін өткізіп, ату жазасын берді. Өзбекстанға прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушілері Гдлян мен Ивановты жіберіп, «Мақта ісін» бастады, бұған шыдамаған Шариф Рашидов қайтыс болып кетті.
МВД министрі Н.А.Щелоковты тұтқындады, ол өзінің соғыста алған ордендерін ғана тағып, аңшылық мылтығымен өзін атып, өліп кетті. Оның алдында әйелі Светлана Щелокова да өзін-өзі атып өлген болатын. Сол кезде «Андроповты Светлана Щелокова атты» деген әңгіме тарады.
Оның мәні мынада: Брежнев 1964 жылы Хрущевті орнынан алуға КГБ мен МВД-ге арқа сүйенгендіктен, осы құзырлы екі орынға өзінің сенімді адамдары Андропов пен Щелоковты 1967 жылы әкелген болатын. Екеуіне де армия генералы атағын бір мезгілде берді, Социалистік Еңбек Ері алтын жұлдызын бір жылда берді. Бірақ көңілі көшімеді, себебі осы екі органның көмегімен Хрущевті орынан алғаны есінде болғандықтан, екеуін өзі тұратын Кутузов даңғылындағы үйінің (фото) астыңғы қабатына Щелоковты, өзінен үстіңгі қабатына Андроповты орналастырды.

Кешкі уақытта Коля Щелоковқа 100 грамм ішуге барса, келесі күні үстіңгі қабаттағы Юра Андроповқа бір партия шахмат ойнап, бұл жақта да тыныш екеніне көз жеткізіп қайтатын. Андроповтың созылмалы бүйрек ауруы болғандықтан, спирттік ішімдік ішпейтін еді. Бірақ «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, екі ведомоствоның басшылары бақталас болды. Екеуі де бір-бірін әшкерелейтін «компромат» жинаумен болды.
Текетірестің шарықтау шегі 1980 жылдың 26 желтоқсанында болды, сол күні Москва метрополитенінің №5 станциясындағы желілік милиция қызметкерлері КГБ майоры В.Афансеевті негізсіз ұстап, ұрып өлтіреді. Чекистер ізін суытпай дереу қылмыскерлерді анықтады. Сот №5 милиция бөлімінің бастығы Б.Барышевті, аға инспектор Н.Рассохинді, милиционерлер Н.Лобановты, А.Поповты ату жазасына берсе, қалғандарына 5-13 жыл жаза кесті. СССР Халық артисі, атақты кино актриса Зоя Федорованы сол желтоқсанда белгісіз біреулер атып кеткенде, қылмыс ашылмаған күйде қалды. МВД бұл КГБ-нің ісі деген жалған ақпарат таратып жіберді. Себебі, Зоя Федорова АҚШ-та тұратын қызына бару үшін виза күтіп жүрген болатын.

МВД КГБ-ге қарсы төтеп бере алмады, 13.12.1983 жылы Николай Щелоков соғыста алған ордендерін ғана тағып, аңшы мылтығымен өзін атып өлтірді, бұның алдына оны армия генералы және Социалистік Еңбек Ері атағынан айырған болатын. Бірақ Щелоков МВД-ні жаңартып, соны технологиямен қамтамасыз еткен іскер басшы болатын.
Щелоковтың әйелі Светлана да күйеуінің алдында өзінің саяжайына барып 19.02.1983 жылы тапаншамен атылып өлген болатын. Жоғарыда айтып кеткендей, «Андроповты Щелоковтың әйелі Светлана атыпты, содан ол ауруханада жатыр» деген сыбыс та шықты. Бір подъезде тұрған соң ондай ақпаратқа халық сенген болатын.
Енді Андроповтың өзіне келейік. Андропов қайтыс болмағанда, «Советтік Дэн Сяопин» болатын еді дейді. Ауруханада бүйрегі шетелдік аппаратқа қосылып тұрса да, жоспарлы экономиканы қытайлар сияқты сақтай отырып, нарыққа өтудің жолдарын қарастырыңдыр деп жас реформаторлар Анатолий Чубайс, Николай Рыжков және Михайл Горбачевке тапсырма берген болатын.
Алайда 1984 жылдың 9 ақпанында Андропов қайтыс болып кетті. Орнына өзінен 3 жас үлкен, қалт-құлт етіп жүре алмай тұрған, 1911 жылғы Константин Черненко келіп, ел тоқырауы тағы да 1 жылға созылды.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!