Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде 2026 жылғы екінші шақырылыммен келген 210-нан астам жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
14 қарашада Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Еліміздің әр өңірінен әскер қатарына шақырылған бозбалалар ата-аналарының, әскери бөлім басшылығы мен ардагерлердің алдында Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға серт берді.
Салтанатты шараға жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, әскери қызмет ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты. Жиын барысында сөз алғандар әскери анттың маңызына тоқталып, жас жауынгерлерді тәртіпті сақтауға, өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға шақырды.
Әсіресе ұлдарының әскери өміріндегі маңызды сәтке куә болған ата-аналар үшін бұл күн ерекше есте қалды. Олар сарбаздарға ақ тілектерін арнап, әскери бөлім басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Рәсімнің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін командирлер мен жауапты офицерлер ата-аналармен жеке кездесу өткізді. Кездесуде сарбаздардың әскери бөлімдегі күнделікті тыныс-тіршілігі, қызмет өткеру ерекшеліктері, қауіпсіздік талаптары мен әскери тәртіп мәселелері түсіндірілді.
Салтанатты шара соңында жас сарбаздар сап түзеп, әскери маршпен жүріп өтті. Осылайша, 210-нан астам жас жауынгер Отан алдындағы борышын өтеудің жауапты кезеңіне қадам басты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!