Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Статистика және қаржы саласының мамандары марапатталды

14.11.2026, 1:20 34

Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 8 қараша – Статистика күні және 15 қараша – Ұлттық валюта күні мен Қазақстан қаржыгерлерінің кәсіби мерекелеріне орай салтанатты қабылдау өтті. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сала ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиында аудан басшысы аталған салалардың ел экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, сала мамандарының еңбегіне жоғары баға берді.

-«Статистика – елдің және өңірлердің даму деңгейін айқындайтын, қоғамдағы өзгерістерді сараптауға мүмкіндік беретін маңызды ақпараттық жүйе. Кез келген стратегиялық жоспар мен басқарушылық шешімнің негізінде нақты әрі сенімді деректер жататыны белгілі. Сондықтан статистика мамандарының жұмысы тек мәлімет жинақтаумен шектелмейді. Бұл – елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін айқындап, ертеңгі даму бағытын бағамдауға мүмкіндік беретін жауапты қызмет.
Ал ұлттық валютамыз – теңге еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын нышаны. 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютаның айналымға енгізілуі Қазақстанның дербес қаржы-экономикалық жүйесін қалыптастырудағы маңызды тарихи кезең болды.
Қаржы саласы – экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік ресурстарды тиімді басқаруға негіз болатын маңызды бағыт. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік нысандардың салынуы мен жөнделуі қаржы ресурстарының дұрыс жоспарлануы мен тиімді пайдаланылуына тікелей байланысты.
Осы ретте статистика және қаржы саласында еңбек етіп жүрген барша мамандарға кәсіби біліктіліктері мен жауапты қызметтері үшін алғысымды білдіремін. Сала ардагерлерінің жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен бүгінгі мамандардың қажырлы еңбегі – аудан дамуының маңызды тірегі», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне де тоқталды.

Бүгінде аудандық бюджеттің 2026 жылға арналған кірістері 10,3 млрд теңге көлемінде бекітіліп, бюджетке енгізілген түзетулер нәтижесінде оның көлемі 15 млрд теңгеге нақтыланған. Нәтижесінде бюджет көлемі 45,6 пайызға артқан.
Аудан экономикасының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде де оң өсім қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ аудан әкімі статистика мен қаржы салаларының өзара тығыз байланысына тоқталып, нақты деректердің сапасы мен қаржы ресурстарының тиімді басқарылуы тұрақты дамудың негізгі кепілі екенін атап өтті. Алдағы уақытта да бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қаржылық тәртіпті сақтау, ашықтық пен цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Салтанатты жиын барысында статистика және қаржы саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мамандарға құрмет көрсетілді. Сала ардагерлері мен қызметкерлері облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Ы. Жақаев – 135 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Жиын соңында аудан әкімі сала ардагерлеріне ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, бүгінгі қызметкерлерге кәсіби табыс, толағай жетістік тіледі. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру жолындағы ортақ жұмыстарға сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: