Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаскелеңде жартылай жалаңаш ер адам мектептің терезесін сындырып, сыныпқа кіріп кеткен

12.11.2026, 16:15 28

Алматы облысының Қаскелең қаласында белгісіз ер адам мектеп ғимаратына терезе арқылы кіріп, оқушылар мен мұғалімдерді әбігерге салды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Оқиға 11 қарашада Қаскелең қаласының Отарвановка шағынауданындағы Әлімқұлов атындағы мектепте болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада үстінде киімі жоқ ер адамның мектеп терезесін сындырып, сынып бөлмесіне секіріп кіргенін көруге болады. Кейін оны бірнеше ер адамның ұстап тұрған сәті түсірілген.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, оқыс жағдай сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Белгісіз адам сыныпқа кірген бойда мектеп қызметкерлері полиция мен жедел жәрдем шақырып, дабыл белгісін қосқан. Осы уақытта ер мұғалімдер күдіктіні кабинет ішінде ұстап тұрған.

Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

— Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқушылар мен педагогтер арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында күдіктінің психикалық денсаулық жағдайына тиісті тексеру жүргізіледі, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызды. Олар мектепке бөгде адамның қалай кіргенін, күзет қызметі мен қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты тиімді жұмыс істегенін анықтауды талап етуде.

Қаскелең қаласының білім бөлімі оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Сондай-ақ балаларға психологиялық қолдау көрсетілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іс «Бұзақылық» бабы негізінде тергеліп жатыр. Ер адамның мектепке не себепті кіргені әзірге белгісіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: