Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күймен тербелген Сыр елі

11.11.2026, 8:35 23

HALYQLINE.KZ

Кеше Өнер орталығында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Күймен тербелген Сыр елі» атты концерті өтті. Ұлттық музыка өнерін ұлықтаған рухани кеште қазақтың күйшілік дәстүрі мен халық аспаптарының құдіреті кеңінен көрініс тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Концерт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлік етуімен өтті.

Оркестрдің орындауындағы шығармалар кештің мазмұнын байыта түсіп, ұлттық музыканың сан қырлы мүмкіндігін танытты. Сахна төрінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жырау Руслан Ахметов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ақылбек Табынбаев, домбыра-примада Мақсат Мұхамеджанов, соло бас домбырада Нұртуған Ермекқараев, жеке домбырада Мұхамеддин Көшербай мен Жансұлтан Жұмабек, жеке шертерде Бағдат Құдайбергенов, жеке баянда Ғазиз Жұбанов өнер көрсетті. Ал Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 4-курс студенті Саламат Қасқырбек ұстазы Рахман Әбдіқадірмен бірге сахнаға шығып, шертердегі орындаушылық шеберлігін көрермен назарына ұсынды.

2007 жылы облыстық филармония жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі – Сыр өңірінің кәсіби музыкалық өнеріндегі өзіндік орны бар шығармашылық ұжым. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының есімін иеленген ұжым құрылған күннен бастап ұлттық аспаптық музыканы дәріптеп, халық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп келеді.

Оркестр дирижері Кеулімжай Шалтақбайұлы – қазақтың ұлттық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өнер майталманы, ұлағатты ұстаз. Оның шығармашылық жолы дирижерлік өнермен ғана шектелмейді. Өңірдегі кәсіби музыкалық ұжымдардың қалыптасуына, оркестрлік орындаушылық мәдениеттің дамуына және ұлттық аспаптық музыканың жаңа деңгейге көтерілуіне еңбек сіңірген қайраткер.

Бүгінде оркестрдің көркемдік жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай, бас дирижері – Руслан Балмасов. Өнер ұжымы осы шығармашылық сабақтастықты жалғастырып, Сыр елінің күйшілік дәстүрін кеңінен насихаттап келеді.

Кеш режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұлова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: