Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада мектеп оқушыларына интернет-алаяқтар мен есірткі таратушылардың айласы түсіндірілді

10.11.2026, 18:10 27

Қызылордада полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, интернет-алаяқтықтың және есірткі қылмысына тартылудың алдын алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Профилактикалық кездесу Байзақ Момынбаев атындағы №278 ақпараттық технология мектеп-лицейінде өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шараға білім ордасының оқушылары мен педагогтері қатысты.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың арбауына түспеу, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарды ажырату және жеке деректерді қорғау мәселелеріне тоқталды. Әсіресе жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тартуы мүмкін ұсыныстардан сақ болу қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар есірткі қылмыстарына қатысты жауапкершілік мәселесі қозғалды. Тәртіп сақшылары оқушыларға есірткі заттарының заңсыз айналымына кездейсоқ немесе қасақана араласудың салдарын түсіндіріп, күмәнді жағдайларды дер кезінде анықтау және құқық қорғау органдарына хабарлау жолдарын жеткізді.

Қызылорда облысының Полиция департаменті мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың қылмыстық әрекеттерге тартылуының алдын алуға бағытталғанын атап өтті.

Полиция өкілдері ата-аналар мен педагогтерді де балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне назар аударуға, жасөспірімдерге күмәнді ұсыныстардың ықтимал зардаптарын түсіндіруге шақырды.

Дереккөз: Қызылорда облысы Полиция департаментінің ақпараты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: