– Әзербайжанда болған хиджаб дауы Анкара мен Баку арасындағы мемлекетаралық байланысқа айтарлықтай әсер етпейді деп есептеймін.
Өйткені Әзербайжан мен Түркияның арасындағы байланыстың тамыры тым тереңде жатыр. Экономикалық, саяси қарым-қатынас пен ортақ интеграциялық жобалары өте көп. Мысал ретінде Әзербайжан арқылы Түркияға, Түркия арқылы Еуропаға шығатын транслогистикалық жобаларды айтуға болады. Оның үстіне бұлар Әзербайжан мен Түркияға ғана қатысты емес, көптеген мемлекеттің мүддесін қамтитын үлкен жоба саналады. Сондай-ақ «бір халық, екі мемлекет» идеологиясы Әзербайжан мен Түркияда өте терең сипатқа ие. 2020 жылғы Қарабақ соғысынан кейін екі елдің әскери интеграциясы тереңдей түсті. Сол кезде Түркияның әскери-техникалық көмегімен Әзербайжан тарихи аумағын қайтарып алған.
Әзербайжанда болған хиджаб дауының Анкара мен Баку арасында белгілі бір деңгейде түсініспеушілік тудырғандығы рас. Бірақ байқасаңыздар, Анкара бұл мәселені ушықтырмауға тырысты. Ердоған өзінің кеңесшісін қызметтен алды, Әлиевтің жеке сұрауымен кейбір саяси тұлғаларды жауапқа тартты. Бұл Түркияның мұндай дауды өршітуге ниетті емес екендігін аңғартады. Баку де бұл мәселені одан әрі ушықтыра түсу керек емес екенін түсініп отыр. Демек, бұл инцидент жабылды, оған бола екі елдің арасы суи қоймайды деп санаймын.
Бірақ мына мәселені ұмытпаған жөн, Түркияда неоимперлік амбиция ұстанатын саяси топтар мен тұлғалар аз емес. Сол секілді Әзербайжан қоғамында да агрессивті ұлтшылдық ұстанымдағы азаматтар мен топтар бар. Олар «Әзербайжан ешкімге интеграцияланбауы, ешкімге жұтылып кетпеуі керек, түрк экспансиясы біртіндеп Әзербайжанды жаулап жатыр, бұған қарсы тұруымыз керек» деп санайды. Осындай көзқарастағы азаматтар мен топтар екі ел арасындағы хиджаб дауын алдағы уақытта қоздатуға тырысуы мүмкін.
Ал Тоқаевтың Ресейді ұйымға шақыруына келсек, мұны саяси қулығы бар бастама деп санаймын. Ресей – Түркі мемлекеттеріне, Түркі интеграциясына, саясаткерлер айтып жүрген «Тұран жобасына» кереғар көзқарастағы мемлекет. Бірақ бұл елдің аумағында көптеген түркі халықтары өмір сүріп жатыр. ТМҰ-ға Ресейді тарту арқылы сол елдің субъектісі саналып отырған түркі халықтарын «түркі бірлігі» дейтін үлкен миссияға интеграциялануға белгілі бір деңгейде мүмкіндік туады.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Түркия өз аумағына еніп кеткен Ресейдің әскери ұшағын атып құлатып, екі ел арасында үлкен дау туған. Осыған байланысты Түркия мен Ресей экономикалық, саяси байланысты толық тоқтатты. Сол кезде Ресейдің субъектісі саналатын Татарстан басшысы Түркияға ресми сапармен барып, сауда-саттық келісімшартын жасаған. Бірақ қазір бұлай істеу мүмкін емес. Ресей субъектілеріне қатысты заңды күшейтіп тастады. Қазір барлық субъекті Мәскеудің рұқсатынсыз өз алдына дербес сыртқы саясат жүргізе алмайды. Енді Ресейдің құрамындағы түркі халықтары сыртқы саяси интеграциялық жобаларға дербес қатыса алмайды. Не Ресейдің атымен қатысу керек, не Ресейден бөлініп шығып қатысу керек. Демек, Ресей құрамындағы халықтарды ұйымға тартудың жалғыз жолы – Ресейді шақыру болып тұр. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, Ресей Түркі мемлекеттері интеграциясына қауіппен қарайды. Түркілер бірігіп кете ме, түркілер бірігіп, әскери альянс құрып ала ма деген алаңдаушылық пен сол алаңдаушылықтан туған ақпараттық шабуылдар жиілеп кетті. Сондықтан Ресейдің ТМҰ-ға деген күдігін сейілту мақсатында Мәскеуді ұйымға шақырып отыр деп бағаласақ болады. Әрине, бұл ұсынысты Ресей қабылдай қоюы екіталай. Өйткені Ресей ТМҰ-ға қосылса, өзінің аумағындағы түркі халықтары тәуелсіз түркі мемлекеттерімен байланысын жақсартып алуы мүмкін. Кремль маңындағылар мұны ескермей қалуы мүмкін емес.
ТМҰ – саяси ұйым емес, әскери альянс та емес. «Тұран одағы» да жуық арада бола қоймайтын интеграция. Бұл елдегі түркілік интеграцияның жақтаушыларына ұнамауы мүмкін, бірақ бұл – реализм. «Тұран одағы» деген сөзді ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшысы ешқашан айтқан емес. ТМҰ әзірше Түркі мемлекеттері интеграциясы ғана. Қарабақтағы соғыстан кейін осы түркі мемлекеттері интеграциясы белсендірек бола түсті. Қарабақ соғысына дейін ТМҰ қалың ұйқыда жатқан ұйым еді, құрылғанына ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, ешқандай белсенді әрекет байқалмаған. Демек, ұйым жұмысына Қарабақтағы соғыс қозғау салды.
Әуелде Түркі мемлекеттері кеңесі болып құрылған ұйым қазір өсіп, «ұйым» статусына ие болды. Бірақ әскери одақ болған жоқ әрі жуық арада бола да қоймайды. Өйткені Түркия – НАТО-ға, Қазақстан мен Қырғызстан – НАТО-ға балама саналатын ҰҚШҰ-ға мүше. Бір-біріне қарама-қайшы екі әскери альянстың мүшелері үшінші бір әскери одаққа біріге қоюы екіталай шаруа. Оның үстіне әскери ұйымдарға кіргісі келмейтін Түрікменстан сияқты бейтарап елдер бар. Ұйымға бақылаушы болып отырған Мажарстанның да Еуропадағы позициясы әрқилы. Сондықтан қазір ТМҰ мәдени-гуманитарлық ойын шеңберінде ғана әрекет етіп жатыр.
Ал болашақта әлемдік геосаяси картада тектоникалық өзгеріс болып, әлем қайта бөліске түсіп, жаңа географиялық орталықтар мен жаңа географиялық бөліністер іске асып жатса, бәлкім, бір өзгерістер болып қалар. Бірақ дәл қазір ТМҰ мәдени-гуманитарлық байланыстар шеңберінде жұмыс істейді. Бұл біз үшін керек ұйым. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатында ТМҰ-ның және оған мүше мемлекеттермен жекелеген интеграциялық жобалардың болуы бізге сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ,
сарапшы.
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!