Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иранның ядролық бағдарламасы туралы ақпаратқа АҚШ 20 млн доллар тікті

09.11.2026, 10:00 25

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты маңызды мәлімет ұсынғандарға 20 миллион долларға дейін сыйақы төлеуге дайын. Вашингтонды ядролық нысандардың орналасқан жері, жабдықтар мен осы салада жұмыс істейтін мамандар туралы ақпарат қызықтырып отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.

АҚШ Мемлекеттік департаменті мұндай ұсынысты «Әділдік үшін сыйақы» (Rewards for Justice) бағдарламасы аясында жариялады. Ведомство ядролық нысандар, технологиялық жабдықтар, ғалымдар мен басқа да қызметкерлер туралы, сондай-ақ олардың орын ауыстыруына қатысты мәлімет жинауды көздейді.

Ресми хабарламаға сәйкес, құнды ақпарат берген адамдарға 20 миллион долларға дейін сыйақы төленуі мүмкін. Бұған қоса, олардың қауіпсіздігі үшін басқа елге қоныс аударуына жәрдемдесу мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда сыйақының ең жоғары мөлшерін алу үшін қандай нақты талаптар орындалуы керектігі жарияланбаған.

Вашингтонның бұл қадамы Иранның ядролық нысандарына жасалған америкалық соққылардан кейінгі жағдаймен байланысты. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранның ядролық әлеуеті жойылғанын бірнеше рет мәлімдеген. Соған қарамастан, АҚШ билігі қазір бағдарламаның сақталған инфрақұрылымы мен жабдықтары туралы қосымша ақпарат іздеп отыр.

Мемлекеттік департамент өз шешімін Иранның ядролық қызметіне халықаралық бақылаудың әлсіреуімен түсіндіреді. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) инспекторлары бірқатар нысанға толық қол жеткізе алмағандықтан, уран байыту жабдықтарының өндірісі мен олардың нақты есебін бақылау қиындаған.

МАГАТЭ-нің 2025 жылғы мәліметі бойынша, Иран уранды 60 пайызға дейін байытқан. Ал ядролық қару жасауға жарамды жоғары байытылған уранның үлесі әдетте 90 пайыз шамасында болады. Дегенмен уранды мұндай деңгейге жеткізу Иранның дайын ядролық қаруы бар екенін білдірмейді.

Тегеран өз ядролық бағдарламасының бейбіт мақсаттарға бағытталғанын мәлімдеп келеді. Ал АҚШ пен оның одақтастары Иранның ядролық әлеуетін халықаралық қауіпсіздікке төнетін қатер ретінде қарастырады.

Осылайша Вашингтон бір жағынан Иранның ядролық инфрақұрылымына елеулі соққы берілгенін айтса, екінші жағынан оның қазіргі жағдайын анықтау үшін миллиондаған доллар сыйақы ұсынуға көшті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: