Қызылорда облысында Арал теңізін тамашалауға барған Қытай мен Ресей азаматтары қиын жағдайға тап болды. Олардың көліктері теңіз жағалауындағы батпаққа батып, саяхатшылар полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Шетелдік туристер Арал теңізінің табиғатын тамашалап, өңірдің көрікті жерлерімен танысу үшін сапарға шыққан. Алайда теңіз жағалауына қарай бет алған кезде көліктері батпаққа батып, әрі қарай жүре алмай қалған.
Бейтаныс жерде қиындыққа тап болған саяхатшылар «102» нөміріне хабарласып, көмек сұраған. Шақырту бойынша оқиға орнына Арал аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ержан Құлекенов пен табиғат қорғау инспекторы Нұрсұлтан Сағымбаев жеткен.
Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен бірлесіп, батпаққа батқан көліктерді шығаруға көмектесті. Нәтижесінде шетелдік азаматтар қиын жағдайдан аман шығып, саяхаттарын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Полиция қызметкерлері табиғи аймақтарға сапар шегетін азаматтарға жол жағдайын алдын ала зерделеп, әсіресе теңіз жағалауы мен батпақты аумақтарда сақтық шараларын ұстану қажеттігін ескертеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!