Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Alatau City үшін Еуропадан 2 млрд доллардан астам инвестиция тарту көзделіп отыр

06.11.2026, 15:30 66

Қазақстанның жаңа Alatau City қаласын дамытуға қатысты Еуропада 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Олардың жиынтық инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асады. Келіссөздер Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында өтті, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Еуропалық инвестициялық роуд-шоу барысында шетелдік банктермен, қаржы институттарымен және ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Негізгі мақсат – Alatau City қаласының инфрақұрылымын дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және технологиялық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық капитал тарту.

Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өтті. Мұнда Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW қаржы институттары арасында банктік қаржыландыру тартуға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Ынтымақтастық аясында инвестициялық жобаларды қаржыландыру және неміс жабдықтарын сатып алу мүмкіндіктері қарастырылған.

Сонымен қатар WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Тараптар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау және инвестициялық консалтинг салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Германиядағы кездесулердің нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 715 миллион доллар болатын 18 келісімге қол қойылған. Ал бұған дейін Лондонда халықаралық серіктестермен жалпы құны 1,3 миллиард долларға бағаланған тоғыз келісім жасалған еді. Осылайша үш қалада өткен келіссөздердің қорытындысында 27 коммерциялық құжат рәсімделіп, олардың ықтимал инвестициялық көлемі 2 миллиард доллардан асты.

Жасалған келісімдер қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беруді, машина жасауды, денсаулық сақтауды, туризм мен цифрлық экономиканы қамтиды. Дегенмен көрсетілген 2 миллиард доллар толық көлемде елге түскен инвестицияны білдірмейді. Бұл – қол қойылған құжаттар негізінде есептелген инвестициялық әлеует. Қаражаттың нақты игерілуі жобалардың іске асуына және қаржыландыру шарттарының орындалуына байланысты болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: