Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта аудан әкімі түнгі кітапханаға барып, кітап оқыды

05.11.2026, 22:12 24

Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиев әкімдік аппаратының қызметкерлерімен бірге түнгі кітапханаға барып, «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қатысты. Аудандағы кітапхана тұрғындарға кешкі сағат 22:00-ге дейін қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерлан Төрәлиев пен әкімдік қызметкерлері кітапханада таңдаулы шығармаларды оқып, кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастаманы қолдады. Аудан басшысы кітаптың адамның танымын кеңейтудегі, ой-өрісін қалыптастырудағы және білімін толықтырудағы маңызына тоқталып, осындай шараларды алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігін айтты.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырда қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – балалар мен ересектер арасында кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру.

Республикалық марафон жеті негізгі бағытты қамтиды. Олар – «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер». Бұған қоса, байқаудан тыс «Parasat» бағыты қарастырылған.

Жалағаш ауданында да тұрғындарды кітап оқуға тарту үшін арнайы жағдай жасалған. Аудандық кітапханада кешкі уақытта жұмыс істейтін оқу кеңістігі ұйымдастырылып, оның есігі күн сайын сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін ашық болады. Бұл күндіз жұмыста немесе оқуда жүрген тұрғындарға бос уақытында кітапханаға келіп, әдеби шығармалармен танысуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі кітап оқу мәдениетін насихаттау бағытындағы бастамаларды жалғастыруды көздеп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: