Бүгін Достық үйінде «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Арылу» қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі алғашқы төрағасы Владимир Петрович Юннің өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған еске алу іс-шарасы өтті. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, азаматтық қоғам өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Владимир Юннің өнегелі өмір жолын, қоғамдық қызметін және өңірдегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ұлықтау, оның ізгі істері мен азаматтық ұстанымын кейінгі буынға үлгі ету.
Дөңгелек үстел барысында басқарма басшысы сөз сөйлеп, Владимир Юннің өңірдің қоғамдық өміріндегі орнына тоқталды.
«Азаматтық қоғамның дамуы оның қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың еңбегімен тығыз байланысты. Владимир Петровичтың қоғамдық қызметті азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі ретінде қабылдап, ел игілігі жолында бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырды. Оның негізін қалаған «Арылу» қоғамдық қорының қызметі мен қоғамдық ортада қалдырған өнегесі – кейінгі ұрпақ үшін тағылымы мол мұра. Осындай азаматтардың есімін ұлықтау, атқарған еңбегін дәріптеу – ортақ міндетіміз», — деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Дөңгелек үстел барысында Владимир Петровичтің өмірі мен еңбек жолы, қоғамдық қызметі, «Арылу» қоғамдық қорының құрылуы мен қалыптасуы, сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы бастамалары кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ әріптестері бірге қызмет атқарған жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік қасиеттері, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық болмысы және қоғам игілігі жолындағы еңбегі туралы ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдар арасындағы сабақтастықты сақтау, қоғамдық бастамаларды жалғастыру және азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін кейінгі буынға насихаттау мәселелері де талқыланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!