Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Президент Жолдауындағы басым міндеттер талқыланды

05.11.2026, 12:21 52

Қызылордаға келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесіп, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген экономикалық, әлеуметтік және энергетикалық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы кездесу «Достық үйінде» зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өтті. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов, Жанар Бимұратқызы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Кездесуде экономиканы жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік саясатты жетілдіру және заңнамалық өзгерістер мәселелері қозғалды. Атап айтқанда, Президенттің жаңа Азаматтық кодекс қабылдау туралы бастамасына назар аударылды. Құжат кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтық кепілдіктерін нығайтып, өзгеріп жатқан экономикалық қатынастарды реттеуге бағытталмақ.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік рәсімдерді азайту мәселесі талқыланды. Жолдауда Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын қарастыруды ұсынған болатын.

Республикалық топтың келесі кездесуі «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» ұйымдастырылды. Энергетика саласының ардагерлері мен жұмысшылар қатысқан басқосуда Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов сөз сөйледі.

Жиында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электр желілерін жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу мәселелері қаралды. Президент Жолдауында Қазақстанның 2029 жылға қарай электр энергиясын ішкі қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге жетуі стратегиялық міндет ретінде белгіленген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңарту мен жаңа электр станцияларын салу көзделіп отыр.

Кездесулерде Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуеті де сөз болды. Мемлекет басшысы 28 қазандағы Жолдауында Қызылорда облысының диқандары күрделі климаттық жағдайға қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысып жатқанын атап өткен еді. Президент мұндай тәжірибені ел көлемінде кеңінен қолдануға жағдай жасауды тапсырған.

Бұдан бөлек, республикалық топ мүшелері әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың экономикалық дербестігін арттыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайту бағыттарына тоқталды.

Кездесулер барысында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының Қызылорда облысындағы жұмысы алдағы күндері де жалғасады. Топ мүшелері кәсіпкерлермен, білім саласының өкілдерімен және аудан тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: