Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таза Қазақстан – таза болашақ кепілі

02.11.2026, 9:30 61

HALYQLINE.KZ

Табиғат – адамзаттың ортақ үйі. Оның тазалығы мен тұтастығын сақтау әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты. Әсіресе, жас ұрпаққа қоршаған ортаны аялаудың маңызын түсіндіру, табиғи ресурстарға ұқыптылықпен қарауды үйрету – тәрбие жұмысының маңызды бағыты. Осындай экологиялық іс-шаралар оқушылардың бойында жауапкершілік, жанашырлық, ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастырып, туған жерге деген құрметін арттырады.

Туған жердің тазалығы – елге деген сүйіспеншіліктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды сақтау және жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 23 қазан күні Республика күні мерекесі қарсаңында №85 мектепте «Қамқор» жобасы аясында «Таза Қазақстан: Мөлдір бұлақ» тақырыбында тағылымы мол экологиялық акция өткізілді. Игі бастамаға мектеп директоры Ж.Тәжібаев, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Сәрсен, мектеп психологі А.Орынбасарова және 7-сынып оқушылары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, туған өлкенің экологиялық жағдайына жауапкершілікпен қарауға баулу және тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру.

Акция барысында мектеп ұжымы мен оқушылар кентіміздің шығыс жағалауындағы Сырдария өзені бойын қоқыс қалдықтарынан тазартуға атсалысты. Сонымен қатар, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру мақсатында ескерту белгілері орнатылды. Бұл жұмыстар табиғатты қорғаудың тек сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденетінін көрсетті. Өзен жағасын тазарту арқылы қатысушылар туған жердің көркеюіне үлес қосып қана қоймай, өзгелерге де үлгі боларлық бастама көтерді.

Мектеп директоры Ж.Тәжібаев бастаған ұжымның қатысуымен өткен бұл акция өскелең ұрпаққа табиғатты қорғаудың маңызын іс жүзінде ұғындыруға мүмкіндік берді. Ортақ іске жұмылған оқушылар тазалықтың әр адамның өзінен басталатынын, туған жерді таза ұстау – баршаға ортақ парыз екенін түсінді.

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шараның мәні ерекше. Өйткені, Отанға деген сүйіспеншілік туған жердің табиғатын құрметтеуден, қоршаған ортаны қорғаудан және ел игілігі үшін атқарылған ізгі істерден көрінеді. Таза көше, мөлдір су, көрікті өлке – баршамызға ортақ құндылық.

Тазалық – бір күндік науқан емес, ұрпаққа үлгі болатын өмір салты. «Қамқор» жобасы аясындағы «Таза Қазақстан: Мөлдір бұлақ» акциясы осы ұстанымды дәріптеп, оқушыларды табиғатты қорғауға, туған жердің тазалығына бейжай қарамауға үндеді. Бүгінгі жас ұрпақтың табиғатқа жасаған қамқорлығы – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.

Туған жеріміз таза, табиғатымыз көркем, Сырдариямыз мөлдір болсын! Ел тазалығы – әрқайсысымыздың қолымызда.

Лаззат Кабарова,

№85 орта мектебінің тәлімгері,

Қармақшы ауданы,

Төретам кенті

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: