ОҚЫРМАН ОЛЖАСЫ
Ұстаз, ақын, сазгер, журналист, жазушы, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат Ерғали Абдулланы дүйім жұрт жақсы таныса керек-ті. Арал топырағында туып, туған жерден табан аудармай-ақ бүгінге дейін 20-дай кітапты оқырман олжасына айналдырған Ерекеңді бір сәт қолы қаламнан босамайтын жан десе де жарасады.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Тұран» сыйлығының иегері Ерғали Абдулла 1957 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Жоғары білім алған соң, туған жерінде мектептерде ұзақ жылдар ұстаз болған. Әр жылдары «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай-ару», «Құрылтай» газеттерінде бас редактор қызметін атқарған. Қазір «Арал әлемі» басылымына басшылық етеді.
Поэзиялық, прозалық туындыларымен қатар журналист ретінде «Жасампаз ғұмыр», «Аралдық желтоқсаншылар», «Менің Аралым», «Ақиқаттың ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы», «Атанши», «Әулеттіңәз-анасы», «Ауыл шамшырақтарын түлеткен білім ордасы» кітаптарын жазған. Сондай-ақ ол – Арал ауданы әкімдігі шығарған «Арал», «Жеңісті жақындатқан Арал айбындылары» жинақтары авторларының бірі.
Енді міне, солардың қатарын кеше ғана баспадан шыққан «Арал. Арал. Аралым» атты кітабы толықтырды. Жазушы-журналистің кейінгі жылдары жазған деректі туындыларының ортақ тақырыбы – айдынды Арал өңірінің түрлі кезеңдегі тарихи, рухани өмірі. «ARNA-B» баспасынан жарық көрген жинақта ізденімпаз қаламгер осы жақтың белгілі тұлғаларының қалтарыста қалған өмір деректерін түгендеуде ерекше қарым танытады. Туған жердің перзенті ретінде әрбір айғақ пен деректі оқырмандарына мақтаныш сезіммен ұсынады. Сондай-ақ, өз замандастарының әр саладағы жетістіктерінің сырына үңіліп, ұрпаққа үлгі-өнегелік жақтарын көрсетеді.
Біз де «Халық» газетінің белсенді авторына қаламыңыз мұқалмасын, шығармашылықтың шыңына шыға беріңіз деген тілек қосамыз.
Нұржан ӘБЖАНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!