Жетісу облысында әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға және жаңа мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған «Әйелдер даму алаңы» көшбасшылық және құқықтық білім беру жобасы аясында «Көшбасшы әйел» кешенді оқыту бағдарламасы өтті.
Бағдарламаға 58 әйел қатысты. Оқыту барысында қатысушылар көшбасшылық қабілеттерді дамыту, тиімді коммуникация, көпшілік алдында сөйлеу, командамен жұмыс істеу, жеке даму жоспарын құру, кәсіпкерлік бағытты айқындау, жеке брендті қалыптастыру және қаржылық мақсаттарды жоспарлау бойынша білім мен практикалық дағдылар алды. Оқыту мазмұны қатысушылардың алған білімін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік беретін бірнеше өзара байланысты бағыт бойынша құрылды. Бағдарлама екі практикалық мастер-класстан тұрды. Бірінші бағыт көшбасшылық пен коммуникациялық дағдыларды дамытуға арналса, екінші бағыт қатысушылардың жеке және кәсіби дамуына, кәсіпкерлік бастамаларын жүйелеуге, жеке брендін қалыптастыруға және қаржылық мақсаттарын нақтылауға бағытталды. Сабақтар теориялық ақпаратпен шектелмей, талқылаулар және нақты жағдайларға негізделген жұмыстар арқылы жүргізілді.
Оқытудың тәжірибелік құндылығын арттыру мақсатында бағдарламаға әртүрлі салаларда кәсіби тәжірибесі бар республикалық деңгейдегі тренерлер мен сарапшылар тартылды.
Осылайша, кешенді оқыту тек жаңа ақпарат беруге емес, қатысушылардың өз мүмкіндіктерін бағалап, алдағы даму бағытын айқындауына да бағытталды. «Көшбасшы әйел» бағдарламасының басты мақсаты — әйелдерге өз әлеуетін ашуға, жаңа білімді күнделікті өмірде және кәсіби қызметте қолдануға, жеке бастамаларын жүйелі түрде дамытуға қажетті практикалық құралдар беру.
Аталған оқыту бағдарламасы — жоба аясында әйелдердің білімін, дағдыларын және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Жобаны Жетісу облысы ішкі саясаты басқармасының қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық жобасы аясында «Жоғары жастар кеңесі» ҚБ жүзеге асыруда.
Жетісу облысында «Көшбасшы әйел» кешенді оқыту бағдарламасы өтті
06.10.2026, 16:28 21
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!