Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдау жүктеген жаңа міндеттер айқындалды

29.10.2026, 16:40 70

HALYQLINE.KZ

Бүгін Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен облыс әкімінің мәжілісінен кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Мәжілісте аудан әкімі Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, оларды аудан көлемінде сапалы әрі мерзімінде орындау қажеттігін атап өтті.

Күн тәртібінде инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, автомобиль жолдарының сапасын қамтамасыз ету, энергетика және коммуналдық шаруашылықты дамыту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, аудан аумағында 2027–2029 жылдары жүзеге асыру жоспарланған 32 жобаны инфрақұрылымдық жаңғырту жоспарына енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ Сексеуіл кентіндегі 100 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысын аяқтау, Арал қаласында жаңа әлеуметтік нысандар салу, «Арал–Каспий» және «Сексеуіл–Ұлғайсын» автомобиль жолдарының құрылысын сапалы жүргізу мәселелеріне басымдық берілді.

Бұдан бөлек, Арал қаласында қуаттылығы 30 мегаватт күн электр станциясын іске қосу, шағын авиацияны дамыту мақсатында аэродром салу жобасын әзірлеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.

Кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерді қолдау, өндірістік жобаларды іске асыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырма берілді.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсету сапасын арттыру, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеру, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қызмет сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты бөлімдер мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, орындау мерзімдерін айқындау, сондай-ақ негізгі басымдықтарды тұрғындарға кеңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: