Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нақты міндеттер айқындалды

29.10.2026, 17:35 61

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты дәстүрлі Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мәселелері қаралды. Жиынға Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілістен кейін аудан әкімі арнайы аппарат мәжілісін өткізіп, Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді аудан көлемінде жүзеге асыруға қатысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, жол сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.

— Мемлекет басшысының Жолдауы – баршамызға ортақ міндеттерді айқындайтын маңызды бағдар. Онда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін ауданымыздың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, әрбір бағыт бойынша нәтижеге қол жеткізуіміз керек, — деді аудан басшысы.

Бүгінгі таңда аудан бойынша алдағы жылдарға қаржыландыру мақсатында 54 млрд 238 млн теңгені құрайтын барлығы 57 жоба ұсынылып отыр.

Аудан әкімі жауапты сала басшыларына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының қажеттіліктерін зерделеп, алдағы жылдары жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды нақтылауды тапсырды. Сонымен қатар автомобиль жолдарын жөндеу сапасын бақылау, елді мекендерді абаттандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттау әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Кәсіпкерлікті дамыту және халықты жұмыспен қамту мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл ретте жауаптыларға тұрақты жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және жергілікті өндірісті дамытуға басымдық беру міндеттелді. Әлеуметтік салада халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту және мұқтаж азаматтарды қолдау шараларының тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы мен жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылау қажеттігі айтылды.

Мәжіліс соңында аудан әкімі ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын да сынға алды. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде жоюды тапсырып, атқарылған жұмыстардың нәтижесін дейін және кейін форматында ұсынуды міндеттеді. Тапсырмалардың уақытылы орындалуына жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң ескертті.

Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты орынбасарларға, дербес бөлім басшыларына және кент, қала, ауылдық округ әкімдеріне Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, әр тапсырманың орындалу мерзімі мен күтілетін нәтижесін айқындауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: