Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды

28.10.2026, 12:33 72

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы елдің барлық өңірінде әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жұмысын кеңінен жүргізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Президент 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект дәуіріне дайындық тек цифрлық технологияларды дамытумен шектелмеуі керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, елді жаңғырту үшін жолдар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар, білім және мәдениет нысандары салынуға тиіс.

Мемлекет басшысы құрылыс жұмыстары облыс орталықтарымен қатар аудандар мен ауылдық елді мекендерді де қамтуы керектігін жеткізді.

— Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа құрылыс бастамаларының аясында денсаулық сақтау мекемелерімен бірге ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салуға басымдық беріледі.

— Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет. Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінетін қаржы мен тартылатын инвестициялардың тиімді жұмсалуына да тоқталды. Ол жобаларды іріктеу кезінде олардың қажеттілігі мен сапасын жан-жақты бағалап, сенімді мердігерлермен жұмыс істеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы әрбір жобаның орындалу кезеңіне қатаң бақылау жүргізу маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік аппарат ауқымды құрылысты кәсіби деңгейде ұйымдастыруға дайын болуы қажет.

Президент бұл бастамалардың түпкі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және болашақ ұрпаққа заманауи инфрақұрылымы бар ел қалдыру екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: