Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бәйтерек» ауыл шаруашылығы саласына 500 миллиард теңгеден астам жобалар әзірледі

28.10.2026, 12:08 64

Қазақстанда тағам өнеркәсібін дамытуға бағытталған жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын жобалар дайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке оларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуді тапсырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

28 қазандағы Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытудың қазіргі қарқынына тоқталды. Президенттің айтуынша, өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемі шамамен 6 пайызға өсіп, 15 триллион теңгеге жеткен.

Саланы жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі де 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Алайда Президент бұл қаражаттың елеулі бөлігі шаруалардың күнделікті шығындары мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалатынын атап өтті.

— Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр. Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібінде жүзеге асырылуы мүмкін ірі жобалар тізімін әзірлеген. Олардың жалпы құны 500 миллиард теңгеден асады.

— «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді, – деді Президент.

Тоқаев отандық ауыл шаруашылығы техникасының сапасын арттырып, елімізде шығарылатын заманауи тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажеттігін айтты.

Президент ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанның аграрлық саласында жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударған.

Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және өнімді терең өңдеу арқылы Қазақстанның азық-түлік өндірісіндегі әлеуетін арттыруға болатынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: