Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев ауыз суды көлік жууға пайдалануды тоқтатуды тапсырды

28.10.2026, 11:59 64

Қазақстанда су тұтынуды бақылау күшейтіліп, ауыз суды мақсатсыз пайдалануға шектеу қойылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автомойкаларда ауыз судың пайдаланылуына ерекше назар аударып, Үкіметке су тарифтері реформасын аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстарының тапшылығы ел экономикасына төнген маңызды қатерлердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, суды ұтымды пайдалану қағидаттарын барлық салаға енгізу қажет.

Президент су құбырларындағы шығындарды азайтып, ауыз судың мақсатсыз жұмсалуын болдырмау міндетін қойды. Әсіресе, автокөлік жуу станцияларында тіршілікке қажетті таза судың пайдаланылуына қатысты бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

— Су ресурстары тапшылығы мәселесі елімізде жүйелі әрі батыл шараларды қажет ететінін ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын асыра бағалау қиын су ресурсын ұтымды әрі үнемді пайдаланудың қағидаттарын барлық жерде енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығындарды азайтуы және ауыз суды мақсатсыз пайдалануға, әсіресе автокөлік жуу орындарында қолдануға жол бермеуі тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы судың нақты экономикалық құны ескерілуі керектігін де айтты. Осы мақсатта Үкіметке су тұтыну саласында басталған тарифтік реформаны толық аяқтау тапсырылды.

Жолдауда су ресурстарын есепке алу жүйесін цифрландыру мәселесі де көтерілді. Президент су қоры туралы нақты әрі толық ақпараттың болуы жаңа өндіріс орындарын жоспарлау, ауыл шаруашылығын дамыту және өңірлердегі су тұтынуды реттеу үшін маңызды екенін жеткізді.

— Су өзінің нақты құнына сай бағалануға тиіс. Менің тапсырмам бойынша Үкімет су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформаны бастады. Оны қисынды соңына дейін жеткізу қажет. Су ресурстарына ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру жұмысын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Аталған жүйе су қоры мен оны пайдалану туралы деректерді біріздендіруге бағытталған.

Жолдауда жаңа тарифтердің нақты мөлшері немесе олардың күшіне енетін күні жарияланған жоқ. Сондықтан су бағасына қатысты өзгерістер тиісті нормативтік шешімдер қабылданғаннан кейін нақтыланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: