Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Қызылорда шаруаларының жүгері мен соя өсіру тәжірибесін жоғары бағалады

28.10.2026, 11:54 64

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Қызылорда облысының шаруаларын ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру және терең өңдеу бағытындағы табысты тәжірибенің мысалы ретінде атады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

28 қазандағы Жолдауында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын шикізат өндірумен шектемей, дайын өнім шығаруға бағыттау қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртып, жаңа өндірістерге инвестиция тарту маңызды.

Осы орайда ол Қызылорда облысындағы жүгері мен соя өсіру тәжірибесіне арнайы тоқталды.

— Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сыр өңірі үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен су үнемдеу мәселесі ерекше өзекті. Қызылорда облысында күріш егістігінің көлемін оңтайландырып, суды салыстырмалы түрде аз қажет ететін дақылдарды көбейту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өңірде жүгері мен соя өсіруді, оларды өнеркәсіптік негізде өңдеуді қамтитын агроиндустриялық жобалар да қолға алынған. Мұндай бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін дайын тауарға айналдыруға және өңір экономикасының жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Президент Жолдауында суармалы егіншіліктің әлеуетіне де назар аударды. Оның айтуынша, еліміздегі ірі су көздеріне жақын орналасқан жерлерді тиімді игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есеге дейін арттыруы мүмкін. Алайда мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін су үнемдеу технологиялары мен заманауи агрохимиялық тәсілдерді кеңінен қолдану қажет.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, тасымалдауға және өткізуге арналған инфрақұрылымды жетілдіруді де тапсырды. Оның сөзінше, агрологистикалық орталықтардың қызметі ірі холдингтермен қатар шағын шаруа қожалықтарына да қолжетімді болуы тиіс.

Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөнінде нақты шешімдер қабылдау міндеті қойылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: