Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өзіңді тап, өзегіңе орал»: елдік санаға бастайтын рухани сұхбат

23.10.2026, 17:05 57

HALYQLINE.KZ

25 қазан – Республика күніне орай «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен «Өзіңді тап, өзегіңе орал» атты рухани сұхбат өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – құндылықтарды дәріптеу, азаматтық сана мен қоғамдық жауапкершіліктің маңызын айқындау, сондай-ақ қоғамның рухани дамуына ықпал ететін мәселелер төңірегінде пікір алмасу.

Рухани сұхбатқа республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің редакторы Нұржан Әбжанұлы, Қызылорда қалалық қоғамдық-саяси «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Айдана Әлиарыстан, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі әрі сайтқа жауапты маман Аружан Оралбай және «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Айжан Абдуллаева қатысты.

Кездесу барысында «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның миссиясы мен негізгі жұмыс бағыттары таныстырылды. Сұхбаттың өзегіне құндылықтар, азаматтық сана, ұрпақ тәрбиесі және қоғамдық жауапкершілік мәселелері арқау болды. Қатысушылар елдің дамуы әр азаматтың жеке ұстанымына, қоғам алдындағы жауапкершілігіне және ортақ іске қосқан үлесіне байланысты екенін талқылады.

Кездесуде бірлестіктің негізгі месседждеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «Өзіңді тап – өзегіңе орал», «Тектілер ту көтереді», «Дастарқанда өсиет айтайық» және «Ой айту емес, ой ояту» ұстанымдарының мән-мағынасы кеңінен талқыланды. Қатысушылар ұлттық болмысты сақтау, ұрпақ сабақтастығын нығайту, отбасындағы өнегелі тәрбиені дәріптеу және қоғамда саналы ой қалыптастырудың маңызы жөнінде пікір алмасты. Әрбір месседждің астарындағы тағылымды ойлар ортақ талқыға түсіп, олардың бүгінгі қоғам өміріндегі өзектілігі сөз болды.

Сонымен қатар бірегейлікті сақтау, ана тілі мен дәстүрді дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту және құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру мәселелері қозғалды. Қатысушылар ел болашағына бейжай қарамау, отбасы тәрбиесінде рухани мұраның маңызын түсіндіру және өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезім қалыптастыру жөнінде ой бөлісті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы орны да назардан тыс қалмады. Журналистердің ақпарат таратудағы кәсіби жауапкершілігі, құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды материалдар әзірлеу және қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы азаматтық сананы дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу ресми баяндамалармен шектелмей, ортақ құндылықтар мен қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңірек түсінуге бағытталған еркін пікір алмасу алаңы ретінде өрбіді. Қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ынтымақтастығын нығайту жолдарын сөз етті.

«Өзіңді тап, өзегіңе орал» атты рухани сұхбаттың басты идеясы – өз болмысыңды тану, рухани тамырдан ажырамау және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік туған тілді құрметтеуден, құндылықтарды сақтаудан, отбасындағы тәрбиеден және қоғам игілігіне бағытталған нақты істерден көрініс табады.

Республика күні – елдігімізді дәріптеп қана қоймай, ортақ мұратымызды және азаматтық жауапкершілігімізді қайта саралайтын маңызды мереке.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы алдағы уақытта да азаматтық сананы дамытуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Сенімен Болашақ РҚБ

Қызылорда облыстық филиалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: