Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Самұрық-Қазынадағы» бір сөз үшін журналист прокуратураға жүгінді

23.10.2026, 15:51 39

Журналист Жалғас Ертай «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібіндегі мемлекеттік тілге қатысты талапқа наразылық білдіріп, Бас прокуратураға арыз жолдады. Оның айтуынша, құжаттағы бір ғана «немесе» сөзі техникалық қосымшаларды қазақ тілінде әзірлемеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Halyqline.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналист бұған дейін ұлттық компанияларда мемлекеттік тіл туралы заң талаптарының орындалуына қатысты бірнеше рет Бас прокуратураға жүгінген. Сол өтініштерінің біріне Тіл саясаты комитетінен жауап алғанын айтады.

Оның сөзінше, комитет «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібіне сілтеме жасаған. Құжатпен танысқан журналист негізгі тендерлік құжаттама мен оған тіркелетін техникалық қосымшаларға қойылатын тілдік талаптың әртүрлі екенін анықтаған.

— Оның 35-бабының 1-тармағында негізгі тендерлік құжаттама қазақ және орыс тілдерінде жасалатыны жазылған. Бірақ техникалық қосымша құжаттарды қазақ немесе орыс тілдерінде жасауға болады екен, — дейді Жалғас Ертай.

Журналистің пайымынша, мәселенің түйіні «және» мен «немесе» сөздерінің құқықтық мағынасында жатыр. Біріншісі екі тілде де құжат әзірлеуді талап етсе, екіншісі біреуін таңдауға жол береді.

Ал «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 10-бабында мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттаманы мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізу қамтамасыз етілетіні көрсетілген.

— Яғни заң «және» болуын талап етеді, ал «Самұрық-Қазына» өз тәртібінде «немесе» деп отыр. Бір ғана сөз қазақша құжаттың болуын міндеттен таңдауға айналдырып жіберген, — дейді журналист.

Жалғас Ертай техникалық қосымшалардың сатып алу процесіндегі маңызына да назар аударған. Себебі тауардың сипаттамасы, жабдыққа қойылатын талаптар, жұмыстың орындалу тәртібі мен сапалық көрсеткіштер көбіне осы құжаттарда жазылады.

Сондықтан қазақ тілінде жұмыс істейтін кәсіпкер негізгі тендер құжаттарын түсінгенімен, оның техникалық талаптарын оқу үшін орыс тіліндегі қосымшаларға жүгінуге мәжбүр болуы мүмкін.

— Өндіріс пен инженерияның нақты мазмұны сол құжаттың ішінде тұр. Сонда негізгі құжат қазақша болғанымен, оның бүкіл талабын түсіну үшін орысша білу қажеттігі пайда болады. Сонда қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің орны құжаттың сыртындағы мұқабасында ғана ма? — деп сұрайды ол.

Журналист қордың сатып алу тәртібі 2022 жылғы 3 наурызда директорлар кеңесінің №193 шешімімен бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар аталған құжатта Қаржы министрлігінің келісім хатына сілтеме бар екенін жеткізген. Осы себепті ол мәселе бойынша министрліктің де ұстанымын білгісі келеді.

Жалғас Ертайдың айтуынша, Тіл саясаты комитеті жолдаған жауапта техникалық құжаттамаға қатысты мәселе саланың ерекшелігімен, халықаралық стандарттармен және кәсіби терминдермен түсіндірілген.

Алайда журналист бұл уәжбен келіспейді. Оның пікірінше, инженерлік және өндірістік құжаттарды қазақша әзірлеу кәсіби терминологияның дамуына ықпал етеді.

— Техникалық тіл жұмыс барысында қалыптасады. Жоба әзірлегенде, талап жазғанда, жабдық сипаттағанда, мамандар сол мәтінді талқылап, қолданғанда ғана дамиды. Қазақ тілін күрделі жұмыстан шеттете беріп, одан кейін «техникалық тіл ретінде дамымаған» деу қаншалықты қисынға келеді? — дейді ол.

Журналист енді Бас прокуратурадан сатып алу тәртібіндегі даулы норманың заңға сәйкестігін тексеруді және оған құқықтық баға беруді сұрап отыр.

Әзірге аталған норма заңға қайшы деп танылғаны жөнінде шешім жоқ. Журналист көтерген мәселе бойынша «Самұрық-Қазына» қорының ресми түсініктемесі де жарияланған деректерде келтірілмеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: