Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік санат несие алуға әсер ете ме? Ұлттық банк жауап берді

23.10.2026, 15:40 51

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізетін отбасылардың әл-ауқат санаттары ипотека мен банктік несие алуға әсер ете ме? Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қазақстанда отбасыларды әлеуметтік жағдайына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлу жүйесі енгізілмек. Осыған байланысты жаңа санаттардың азаматтардың ипотека, автонесие және тұтынушылық кредит алу мүмкіндігіне ықпалы туралы сұрақ туындады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банктер қарыз алушылардың қаржылық жағдайын қазірдің өзінде жан-жақты тексереді. Бірінші кредиттік бюро мен Мемлекеттік кредиттік бюро мемлекеттік дерекқорлармен бұрыннан біріктірілген.

Несие алуға өтініш берген азамат өзінің кредиттік тарихы мен басқа да қажетті мәліметтерін тексеруге келісім береді. Осы арқылы банктер клиенттің табысы, зейнетақы аударымдары, мүлкі және қолданыстағы қарыздары туралы ақпаратты бағалай алады.

– Банктер әрқайсымыздың тәуекел деңгейімізді бұрыннан жақсы біледі. Сондықтан бұл жерде қандай да бір қосымша қауіп көріп отырған жоқпын. Біздің қаржы жүйеміз жеткілікті деңгейде цифрландырылған. Банктердің өз скорингтік модельдері бар және олар әлдеқайда жетілдірілген. Өйткені әр банк қарыз алушыларды өзінің кредиттік саясатына сәйкес бағалайды. Сондықтан отбасылардың әл-ауқатын санаттарға бөлетін мемлекеттік жүйе несие беруге әсер етпейді деп ойлаймын, – деді Тимур Сүлейменов.

Скорингтік модель – банктің несие алуға өтініш берген адамның төлем қабілетін және қарызды уақытында қайтару мүмкіндігін бағалайтын жүйесі. Әр қаржы ұйымының клиенттерге қоятын талаптары әртүрлі болуы мүмкін.

Еңбек министрлігінің жаңа жүйесінде отбасылар бес санатқа бөлінеді. Олардың әл-ауқатын бағалау кезінде табыс, жұмыспен қамтылу, баспана, көлік, мүлік, кредиттік міндеттемелер және отбасы құрамы ескеріледі.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл жіктеу мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігін тағайындау кезінде қолданылмақ.

Алайда Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, азаматтың әлеуметтік санаты несие беру туралы шешімді автоматты түрде анықтамайды. Банктер бұрынғыдай қарыз алушының нақты табысына, кредиттік тарихына, борыштық жүктемесіне және өздерінің ішкі талаптарына сүйенеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: