Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

IT саласында миллион теңге жалақы алатындар көп

15.10.2026, 7:20 60

Бұл – Қазақстандағы компьютерлік бағдарламалау саласындағы қызметкерлердің 48%-ына тиесілі сан. Олардың арасында табысы 2-3 миллион теңгеден асатын мамандар да бар. Десе де, бұл көрсеткіш IT саласындағы барлық қызметкердің осынша жалақы алатынын білдірмесе керек-ті.

Осы орайда, біз «Жоғары табысқа қандай мамандар қол жеткізіп жүр?, «Еңбек нарығында кімдерге сұраныс көп?» және «Миллиондық жалақыға жету үшін не істеу қажет?» деген сауалдарға  жауап  береміз.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда ақпараттық технологиялар саласы жоғары табыс табуға мүмкіндік беретін бағыттардың бірі саналады. Бағдарламалық өнім әзірлеу, деректерді талдау, ақпараттық қауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымды басқару сияқты мамандықтарға сұраныс бар. Дегенімен, осы саланы таңдаған әр адамның табысы бірдей емес. Бірі еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтаса, енді бірі күрделі жобаларға жетекшілік етіп, бірнеше миллион теңге жалақы алады.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформа­лар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүр­гізген зерттеу IT саласындағы жалақы айыр­машылығын көрсетеді. 2026 жылғы сәуірдегі іріктемелік зерттеуге компьютерлік бағдарламалау, консуль­та­циялық және басқа да ілеспелі қыз­меттер саласындағы 19,4 мың қызметкер енгізілген. Олардың 48%-ының айлық жалақысы 1 млн теңгеден  асады.

Бұл – зерттеуде қарастырылған экономикалық қызмет түрлерінің арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін, жалпы экономика бойынша зерттеуге алынған жалдамалы қызметкерлердің небәрі 6%-ы ғана айына 1 млн теңгеден  артық  жалақы  алады.

Десе де, мұнда бір маңызды жайт бар. Зерттеу барлық IT компанияны толық қамтымайды. Ірі кәсіпорындар түгел енгізілгенімен, орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі ғана есепке алынған. Сондықтан, статистикалық деректерді бүкіл  салаға  бірдей  телуге  болмайды.

Соған қарамастан, көрсеткіштер компьютерлік бағдарламалау саласында жоғары жалақы алатын мамандардың едәуір шоғырланғанын аңғартады.

IT саласындағы жалақыға қатысты деректердің ең қызықты тұсы – миллион теңгеден жоғары табыс табатындардың өз ішінде де айтарлықтай айырмашылық  болуы.

Зерттеу бойынша жалақысы 1 млн теңгеден асатын  мамандардың 37%-ы айына 2 млн теңгеден жоғары  табыс алады. Бұл шамамен 3,5 мың адамға тең. Ал олардың 13%-ының айлық жалақысы 3 млн теңгеден асады. Мұндай мамандардың саны – шамамен  1,2  мың  адам.

Демек, зерттеуге енген қызметкерлер арасында айына бірнеше миллион теңге жалақы алатындар аз емес. Десе де, бұл сандарды түсіндіргенде, пайыздардың миллион теңгеден жоғары жалақы алатын қыз­меткерлер тобына қатысты есептелгенін ескерген жөн.

Мұндай табысқа кімдер қол жеткізеді? Бұл сұрақтың жауабы маманның тәжірибесіне, кәсіби бағытына, атқаратын міндетіне және жұмыс істейтін компаниясына  байланысты.

Мәселен, Kolesa Group компаниясының 2025 жылғы IT нарығына арналған зерттеуінде backend әзірлеу және DevOps бағыттарындағы мамандардың жалақысы 4 млн теңгеден де жоғары болуы мүмкін екені көрсетілген. Зерттеуге әртүрлі деңгейдегі 575 маман қатысқан. Олардың қатарында еңбек жолын енді бастаған қызметкерлерден бастап, бөлім басшылары мен директорларға дейін бар. Компанияның дерегінше, мамандардың басым бөлігінің жалақысы 600-900 мың теңге аралығында шоғырланған. Бұл да жоғары табыстың бүкіл нарыққа бірдей тән емес екенін  көрсетеді.

Осы тұста IT саласындағы жалақыны тек мамандық атауымен байланыстыру дұрыс емес. Бір бағытта жұмыс істейтін екі адамның өзі тәжірибесі мен жауап­кершілігіне қарай әртүрлі табыс табуы мүмкін. Мысалы, қарапайым міндеттерді орындайтын бағдарламашы мен ірі жүйенің архитектурасына жауап беретін тәжірибелі инженердің еңбек құны бірдей болмайды.

IT саласында жоғары жалақыға жетудің негізгі факторларының бірі – кәсіби тәжірибе. Жұмыс беру­ші үшін бағдарламалау тілін білу ғана емес, нақты міндетті өз бетінше шешу, күрделі жүйелермен жұмыс істеу және өнімнің тұрақты қызметін қамтамасыз ету қабілеті  де маңызды.

2026 жылғы шілдеде жарияланған RAEM басылымының материалында Taylor.kz платформасының әзірлеушісі әрі архитекторы Сұңғат Арынов ұсынған деректер негізінде IT мамандарының табысы талданған. Онда жалақы деңгейі маманның кәсіби сатысына  қарай  едәуір  өзгеретіні  көрсетілген.

Мәселен, жарияланған  бағалауда  Junior  дең­гейін­дегі мамандардың медианалық табысы айына 507 мың теңге, Middle деңгейіндегілердікі 1,1 млн теңге, ал Lead деңгейіндегі мамандардікі 2,2 млн теңге деп көрсетілген. Senior деңгейіндегі мамандардың медиана­лық  жалақысы  қолданылған іріктемеге қарай 1,5 млн теңгеден 2,437 млн теңгеге дейін өзгерген. Бұл – платформаның деректеріне негізделген бағалау, мемлекеттік  статистика  емес.

Бұл сандар тәжірибенің табысқа әсерін аңғар­тады. Junior – еңбек жолын енді бастаған маман, Middle – белгілі бір тәжірибе жинақтап, тапсырмаларды өз бетінше орындай алатын қызметкер. Senior күрделі міндеттерді шешіп, техникалық шешімдер қабылдауға қатысса, Lead команда жұмысына жетекшілік етіп, жобаның маңызды нәтижелеріне жауап беруі  мүмкін.

Әрине, бұл сатылардың нақты талаптары компанияға қарай өзгереді. Бір ұйымдағы Middle маманының міндеттері екінші компаниядағы осы деңгейдегі қызметкерден өзгеше болуы ықтимал. Сондықтан, жалақыны тек еңбек өтілімен өлшеу жеткіліксіз. Маман­ның нақты нәтижесі, жауапкершілік ауқымы мен  біліктілігі  де  ескеріледі.

Осыған байланысты IT саласына қызығушылық танытқан адам үшін қысқа мерзімде бағдарламалау тілін меңгеріп, бірден миллион теңге табуды мақсат ету шынайы бола бермейді. Алдымен іргелі білім алып, практикалық жобалармен жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе  жинақтау  қажет.

Ақпараттық технологиялар саласы бір ғана бағ­дарламашы мамандығынан тұрмайды. Оның ішінде бағдарламалық өнім әзірлеу, жүйелерді басқару, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді өңдеу, өнімді тестілеу және жобаларды басқару сияқты көптеген бағыт  бар.

Жалақы деңгейі де осы мамандықтарға қарай өзге­реді. Taylor.kz платформасының 2026 жылғы дерек­терін талдаған RAEM материалы бойынша қарас­тырылған технологиялық бағыттардың арасында Data/ML мамандарының медианалық жалақысы 2,793 млн теңге, Java мамандарыныкі 2,384 млн теңге, Rust бағыты бойынша 2,338 млн теңге болған. Ал DevOps  пен  Python бағыттарында бұл көрсеткіш 1,5 млн теңгеден көрсетілген. Аталған сандар платформаның өз іріктемесіне негізделгендіктен, оларды Қазақстандағы барлық IT маманының жалақысы деп қабылдауға  болмайды.

Бұл ретте Data/ML бағыты деректерді талдау және машиналық оқыту технологияларымен байланысты. DevOps мамандары бағдарламалық өнімдерді әзірлеу мен пайдалануға енгізу үдерістерін автоматтан­дыруға, жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қатысады. Ал Java мен Rust – бағдарламалық өнім  әзірлеуде  қолданылатын  технологиялар.

Мұндай  бағыттарда жұмыс істеу үшін белгілі бір бағдарламалау  тілін  меңгеру  жеткіліксіз  болуы  мүмкін. Маман алгоритмдерді  түсінуі,  деректермен  жұмыс  істей алуы, жүйенің қалай құрылғанын білуі және туындаған мәселені өз бетінше  шеше  алуы  керек.

Жалақыға жұмыс берушінің сипаты да ықпал етеді. Ірі технологиялық компаниялар, қаржы ұйым­дары  мен халықаралық тапсырыс берушілердің талап­тары әртүрлі. Кейбір компания белгілі бір технология­ны терең меңгерген қызметкер іздесе, басқалары бірнеше бағытты қатар игерген әмбебап мамандарды  бағалайды.

Сондықтан, «IT маманы» деген ортақ атаудың өзі нақты табыс мөлшерін анықтауға жеткіліксіз. Мамандықтың ішіндегі бағыт пен кәсіби  деңгей  де  маңызды.

Жоғары жалақы туралы мәліметтер бұл салада жұмыс­қа  орналасу  оңай  дегенді  білдірмейді. Керісінше, мамандар  арасындағы  бәсеке  де  кү­шейіп  отыр.

HeadHunter платформасының 2025 жылдың қорытын­дысына арналған зерттеуіне сәйкес, IT саласын­дағы бір  бос  жұмыс  орнына орта есеппен 12,9 түйіндемеден келген. Басқаша айтқанда, бір орынға шамамен 13 үміткер таласқан. Бір жылда бәсекелестік  индексі 7,3%-ға өскен.

Сол зерттеуде бағдарламашы мен әзірлеуші маман­дығы жұмыс берушілер жариялаған IT вакансияларының 20,1%-ын құраған. Десе де, осы бағыттағы бос жұмыс орындарының саны 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға азайған. Ал бизнес-аналитик, өнім менеджері, деректерді талдау және кейбір басқа бағыттар бойынша вакансиялардың өсуі байқалған.

Бұл деректер еңбек нарығының біркелкі дамымайтынын көрсетеді. Бір бағытта жұмыс берушілердің сұранысы артып жатса, басқа бағытта бос орындар азаюы мүмкін.

Kolesa Group зерттеуінде де мамандардың жұмыс берушіні таңдағанда бірнеше факторға мән беретіні көрсетілген. Сауалнамаға қатысқандардың 83%-ы үшін жалақы мен әлеуметтік пакет маңызды болған. Ал 52%-ы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін, 45%-ы мықты команданы бағалаған.

Бұл көрсеткіштер IT мамандары үшін еңбекақының маңызды екенін аңғартқанымен, кәсіби орта мен жұмыс жағдайының да рөлі бар екенін көрсетеді. Қызметкер үшін жоғары жалақымен қатар біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және қызықты жобаларға қатысу мүмкіндігі де маңызды болуы  мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, жұмыс берушілер арасындағы бәсеке тек қызметкерге ұсынылатын жалақымен шектелмейді. Кәсіби даму мүмкіндігі, жұмыс кестесі, ұжымның деңгейі мен әлеуметтік қолдау да маманды тартуға  ықпал  етеді.

Ұлттық статистика бюросының зерттеуінде IT саласындағы қызметкерлердің жынысына қарай бөлінісі де көрсетілген. Іріктемеге енген 19,4 мың маманның 64%-ы – ер адам. Олардың саны 12,3 мыңға  жетеді.

Жалақысы 1 млн теңгеден асатын қызметкерлердің үлесі де ерлер мен әйелдер арасында бірдей емес. Ер мамандардың 56%-ы осы межеден жоғары табыс тапса, әйелдер арасында мұндай көрсеткіш 35%-ды құраған.

Ал ай сайынғы жалақысы 3 млн теңгеден асатын шамамен 1,2 мың қызметкердің ішінде 96-сы – әйел.

Бұл деректер зерттеуге алынған топта ер адам­дардың үлесі басым екенін және олардың арасында миллион теңгеден жоғары жалақы алатындардың үлесі де көбірек екенін көрсетеді. Бірақ статистиканың өзі мұндай айырмашылықтың нақты себебін түсіндірмейді.

Оны тек ерлер мен әйелдердің кәсіби қабілетінің айырмашылығымен байланыстыруға негіз жоқ. Жалақы­ға мамандық бағыты, еңбек өтілі, лауазым, атқаратын міндет, компанияның көлемі және жұмыс жағдайы сияқты көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Олардың әрқайсысының ықпалын анықтау үшін қосым­ша  деректер  қажет.

Сондықтан, гендерлік айырмашылыққа қатысты көрсеткіштерді талдағанда қызметкерлердің жалпы құрамын ғана емес, олардың кәсіби деңгейі мен нақты  атқаратын  жұмысын  да  ескерген  жөн.

ТҮЙІН. Қалай  десек те,  Ұлттық  статистика  бюросының  деректері компьютерлік бағдарламалау саласында айына 1 млн теңгеден астам жалақы алатын қызметкерлердің  үлесі  жоғары  екенін  көрсетіп  отыр.

Осы деректерден шығатын қорытынды бар: ол IT саласы жоғары табыс табуға мүмкіндік береді, бірақ мұндай мүмкіндік барлық маманға бірдей жағдайда қолжетімді емес. Жалақы кәсіби деңгейге, тәжірибеге, мамандану бағытына және еңбек нарығындағы  сұранысқа  қарай  өзгереді.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: