Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түпнұсқа ғұмыр

12.10.2026, 18:52 86

(қазаққа керек сана еркіндігі)

Біз қазір өте қызық кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сырттай қарасақ, бәріміз еркінбіз, таңдау көп, мүмкіндік жетерлік. Бірақ іштей үлкен бір көрінбес бұғаудың ішінде жүргендейміз. Ол «Жұрт не дейді?» деген жазылмаған заң, қоғамның бізге таңған жасанды өлшемдері.

Бүгінгі қазаққа жетпей жатқаны байлық пен білімнен бөлек, сана еркіндігі. Ендеше, күнделікті күйбең тірліктің «автопилотынан» оянып, өмірге басқа ракурстан қараңыз.

Біз қателіктен қорқамыз. Қоғамда қателескенді өлердей жұлмалайды. Бала кезден «сүрінбе», «ұят болады», «елден қалма» деген сөздер санамызға шегеленіп қалған. Соның кесірінен көптеген талантты жастар, идеясы тасып тұрғандар тәуекелге баруға жүрексиді. Жылы орында тапжылмай отыруды қауіпсіздік санайды.

Сәтсіздік дегеніміз жеңіліс емес, бар болғаны сол істің дұрыс еместігін түсініп, келесі есікті қағуға берілген мүмкіндік. Сүрінген адам ғана қалай тұру керектігін үйренеді.

Адам бейсаналы түрде қорқыныштан қашуға тырысады. Ыңғайлы аймақта (комфорт зонасында) қалу, табиғатына тән. Алайда, біздің ең үлкен өсу деңгейіміз сол қорқыныштың артында жасырынып жатыр. Қорқыныш ол шектеу емес, ол компас. Ол сізге қай тұста даму керектігін, қай тұста өзіңізді жеңу керектігін көрсетіп тұрған бағдаршам.

Бүгінгінің басты дерті бәріне үлгеруге тырысу. Сағат санап жұмыс істейміз, шапқылаймыз, бірақ кешке қарай бойымызда бір тамшы қуат, көңілімізде қуаныш қалмайды. Неге? Өйткені біз уақытты басқарғанмен, өз энергиямызды басқара алмаймыз.

Адамға ең қымбат ресурс уақыт емес, ішкі қуат. Сізді не нәрсе қуаттандырады? Табиғатқа шығу ма, сүйікті іспен айналысу ма, әлде ойы терең адамдармен сұхбаттасу ма? Соған көбірек мән беріңіз. Ал керісінше, қуатыңызды сорып алатын, құрметі жоқ ортадан, мәнсіз дау-дамайдан, керек емес жиындардан, сізді төмендететін адамдардан батыл түрде бас тартыңыз. Бұл өзімшілдік емес, өз өміріңе деген құрмет.

Біздің қоғамда адамның жетістігін сыртқы жылтырағымен өлшейді, қымбат көлік, зәулім үй, дүркіретіп өткізген той. Көпшілік осы мақсаттарға жету үшін өмір бойы несие төлеп, өзін-өзі алдап өтеді. Ал жеткен күннің өзінде ішкі бостықты сезінеді. Неге?

Өйткені мақсат өзгереді, алға қойған меже бітеді. Ал адамды ұстап тұратын оның ішкі құндылықтары. Еркіндік, таным, отбасы, шынайылық, кәсібилік. Егер сіздің жасап жүрген ісіңіз, күнделікті тірлігіңіз ішкі құндылықтарыңызбен қабыспаса, қанша бай болсаңыз да, бақытты бола алмайсыз. Жұрттың өлшемімен өмір сүрмеңіз, өз құндылығыңызды табыңыз.

Нұрбек Дәуренбеков,

тәуелсіз журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: